Алматы қаласының Көкжиек ықшамауданындағы шулы оқиғаның жаңа деректері белгілі болды. Он жеті жастағы Ақарыс Рахымбай алты жасар қызға қатысты азғындық әрекет жасады деген айыппен жеті жылға сотталған еді. Жан Ахмадиевтің айтуынша бұл істе жауапсыз қалған сұрақтар өте көп, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Қылмыстық кодекстің 124-бабы бойынша кесілген бұл жаза қоғамда үлкен күмән тудырды. Басты себеп жәбірленушінің өз сөзінен тануы болып отыр. Алғашында қыз бала зорлық туралы айтқанымен кейін бұл жауапты ата-анасының қысымымен бергенін мойындаған. Ең қызығы алты жасар баланың осы шындықты айтқан бейнежазбасы іс материалдарынан жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен. Қорғаушы тарап қыз баладан қауіпсіз жағдайда қайтадан жауап алуды талап еткенімен сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Оқиғаның мән-жайын дәлелдейтін ешқандай биологиялық сараптама нәтижесі жоқ. Қыздың киімінен жасөспірімге тиесілі ешбір із табылмаған. Денесінде күш көрсетуді білдіретін көгеру, қызару немесе ісіну белгілері мүлдем тіркелмеді. Бұған қоса оқиғаны көрген куәгерлер де табылған жоқ. Осындай бұлтартпас айғақтардың жоқтығына қарамастан сот жасөспірімді кінәлі деп тапты.
Бозбаланың анасы көз жасын көл қылып сот шешіміне мүлдем келіспейді. Ол ұлының еш жазығы жоқ екенін айтып негізсіз жала жабылды деп есептейді. Көршілердің өзі де Ақарысқа араша түсіп жатыр. Жұрттың сөзінше ол өте тәрбиелі бала әрі үлкендердің сөмкесін көтерісіп үнемі қолғабыс тигізуге дайын тұрады. Жасөспірімнің жақындары бұл әділетсіздікпен күресуді жалғастырмақ.