Алматы облысында 40 жастағы Қарлығаш Отарбаева егіз қыздарды кесарь тілігі арқылы дүниеге әкелгеннен кейін перзентханада қайтыс болды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Марқұмның туыстары әйелдің денсаулығында бұған дейін ешқандай мәселе болмағанын айтып, оның өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болды деп есептейді. Сондай-ақ олар кесарь тілігі өз келісімінсіз жасалғанын алға тартуда.
Ал Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы жүкті әйелдің ауыр жағдайда түскенін, жоғары қан қысымы мен мерзімінен бұрын босану қаупіне байланысты шұғыл ота оның келісімімен жасалғанын мәлімдеді. Дәрігерлердің айтуынша, операция сәтті өткен, алайда кейін науқастың жағдайы күрт нашарлап, алдын ала диагноз бойынша өкпе артериясының тромбоэмболиясынан көз жұмған.
Қазір аталған дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Дүниеге келген егіз қыздар дәрігерлердің бақылауында.