Астана қаласы

Астанада такси жүргізушісі жолаушы қыздың көзінше мастурбация жасаған

SMARTNEWS.KZ мәліметінше, елордада InDriver қосымшасы арқылы шақырылған такси жүргізушісі 19 жастағы бойжеткеннің көзінше әдепсіз қылық көрсеткен. Бұл туралы жәбірленуші Аружан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды деп хабарлайды ozgeris.info сайты. 

 

Оның айтуынша, оқиға анасы екеуі сауда орталығына бара жатқан кезде болған. «Алғаш көлікке отырғанда жүргізуші сыпайы көрінді. Мен анаммен бірге артқы орындыққа жайғастым. Бірақ жолда ол артқы айнадан мазасыздандыратын көзқараспен қарап отырды. Кейін оның орынсыз әрекетке көшкенін байқадым», – дейді қыз.

 

Аружанның сөзінше, ер адам қасақана көзін алмай, қызды әдейі «көр» дегендей ишара жасаған. Оқиға кезінде жүргізуші оның аяғына да тиіп кеткен. «Қатты қорықтым, бірақ анам отырғандықтан ештеңе байқамағандай кейіп таныттым. Жағдайды видеоға түсіріп үлгердім», – деп еске алады ол.

 

Ол дереу 102 нөміріне хабарласып, түсірілген видеоны полицияға жіберген. Алайда патрульдердің бірі оның киіміне қатысты орынсыз пікір айтып, қызға өзін кінәлі сезіндірген. Кейін бойжеткен мен анасы аудандық полиция бөліміне барып, толық арыз жазған.

 

Тексеру барысында күдіктінің жедел жәрдем қызметінде істейтіні және бірнеше баласы бар екені анықталған. 29 шілдеде өткен сотта ол кінәсін мойындап, кешірім сұраған. «Мен бұл арызды кек алу үшін жазған жоқпын. Егер дәл осындай жағдай 15 жастағы, өзін қорғай алмайтын қыздың басынан өтсе ше?» – дейді Аружан.

 

Қазіргі уақытта іс сот қарауында. Жәбірленуші әділ шешімге үміт артып, осындай жағдайға тап болған басқа жандарды үнсіз қалмауға шақырды.

Барлық жаңалық