📰 Сарапшылар пікірі

Астана мен Ташкент: Кәсіпкерге қай жер шынымен қолайлы?

Астана мен Ташкент: Кәсіпкерге қай жер шынымен қолайлы?

Кейінгі уақытта жаңа Салық кодексі талқылана бастағалы бері әлеуметтік желіде бір әңгіме жиі айтылады. «Қазақстанда бизнес жүргізу қиындап барады. Одан да Өзбекстанға барып кәсіп ашқан дұрыс. Ол жақта жағдай жақсы», деген пікір көбейді, деп жазады Ozgeris.info.

 Көбі нақты заңды оқымай жатып осындай ой айтады. Соның кесірінен қоғамда артық дүрбелең де пайда болып отыр. Экономист Айбар Олжаев бұл тақырыпқа нақты цифрмен жауап берді. Ол Астана мен Ташкенттегі кәсіпкерлік режімдерді салыстырып, эмоция емес, есеп сөйлейтінін көрсетті.

А.Олжаев ең алдымен көп сұрақ тудырып отырған оңайлатылған декларация жайлы айтады. Оның сөзінше, Қазақстандағы ең үлкен талқылау осы режім төңірегінде болып отыр.

«Жаңа Салық кодексінде оңайлатылған салық режімі деп аталатын жеңілдетілген режімге нақты шек қойылған. Ол – 600 мың АЕК. Ақшаға шаққанда бұл шамамен 2,6 млрд теңге. Осы сомадан асқан кезде ғана кәсіпкер жалпы режімге өтіп, ҚҚС төлеуге міндетті болады. Бірақ 2,6 млрд теңгеге жету кез келген бизнеске оңай емес», дейді экономист.

Ал Өзбекстандағы жағдай мүлде басқаша екенін ол ашық айтады. Өзбекстанда жеке кәсіпкердің табысы 1 млрд сумға жетсе болды, сол сәттен бастап ҚҚС төлеушіге айналады. Бұл шамамен 43 млн теңге. Енді 2,6 млрд теңге мен 43 млн теңгені салыстырып көріңіз.

«Иә, Өзбекстанда жеңілдетілген режімм бар. Оның мөлшерлемесі 1%. Бізде 2% бен 4% аралығында. Бірақ басты мәселе пайызда емес. Негізгі айырмашылық табыс шегінде. Қазақстанда бұл режім бойынша жылдық табыс шегі 4,3 млн доллар. Ал Өзбекстанда небәрі 80 мың доллар. 4,3 млн доллар мен 80 мың доллардың айырмасын айтпай-ақ түсінуге болады» дейді ол.

Содан кейін Айбар Олжаев салық жүйесін тұтас алып салыстырады. Оның айтуынша, кейбір көрсеткіштерде ұқсастық бар сияқты көрінгенімен, жалпы жүктеме әртүрлі.

 «ҚҚС шегі Қазақстанда шамамен 40 млн теңге. Өзбекстанда 43 млн теңге. ҚҚС мөлшерлемесі бізде 16%, көрші елде 12%. Әлеуметтік салық Қазақстанда 6%, Өзбекстанда 12%. Бірақ ең маңыздысы, Қазақстанда жеңілдетілген режімде ҚҚС шегі де жоқ, ҚҚС төлеу міндеті де жоқ», дейді экономист.

Инвесторларға қатысты да айырмашылық айқын екенін ол жасырмайды.

Қазақстанда инвесторларға корпоративтік табыс салығы, жер және мүлік салығы бойынша 8-10 жылға дейін салықтық жеңілдіктер беріледі. Ал Өзбекстанда мұндай преференциялар ең көбі 3 жылмен шектеледі.

Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша, Қазақстандағы орташа салық жүктемесі 19,5%. Өзбекстанда бұл көрсеткіш 24,7%. Айбар Олжаев салықты тек пайызбен өлшеу қате екенін де ескертеді. Оның айтуынша, жиналған қаржының қайда жұмсалатыны да маңызды.

«Қазақстанда өткен жылы 20 млн халықтың денсаулығына 2,2 трлн теңге жұмсалды. Әлеуметтік қолдауға 5,3 трлн теңге бөлінді. Ал Өзбекстанда 37,5 млн халықтың денсаулығына 1,5 трлн теңге, әлеуметтік қолдауға 645 млрд теңге ғана қарастырылған. Салықтың қай елде тиімді әрі ауқымды жұмсалып отырғаны осыдан-ақ көрінеді. Өз елімізді орынсыз жамандап, өзгені асыра мақтаудан пайда жоқ. Жаңа Салық кодексі бизнесті тұралатып тастау үшін емес. Ол жүйені жеңілдету, ашық ету және адал жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдау үшін қабылданды. Иә, Өзбекстанда кей тұста салық саясаты тиімді көрінуі мүмкін. Бірақ бұл уақытша құбылыс. Экономика заңдылығы бойынша мұндай саясат 1-2 жылда өзгереді. Салық бәрібір көтеріледі. Бұл әлемдік тәжірибеде бар жол», дейді ол.

 

 

Барлық жаңалық