Шығыс Қазақстан облысы аумағында алкогольден толық бас тартқан ауылдар саны артып келеді. Егер 2025 жылы мұндай елді мекендер саны 21 болса, 2026 жылы олардың қатары 26-ға жетті деп жазды ozgeris.info сайты.
Кезекті болып Тарбағатай ауданына қарасты Бозша ауылы аталды. Бұл бастама ауыл жастарының ұсынысынан туындап, кейін ақсақалдар мен тұрғындардың толық қолдауына ие болған. Нәтижесінде шешім бірауыздан қабылданды.
Өңір әкімдігінің мәліметінше, алкоголь өнімдерін сатуға шектеу қойылған ауылдарда құқықбұзушылықтар саны азайған. Әсіресе мас күйінде жасалатын қылмыстар, тұрмыстық жанжалдар мен ұсақ бұзақылық деректері төмендегені байқалады.
Бозша ауылында бүгінде 154 тұрғын тұрады, шамамен 60 үй бар. Елді мекен қоғамдық өмірдің белсенділігімен ерекшеленеді: мұнда тұрақты түрде спорттық шаралар өткізіліп, салауатты өмір салты күнделікті мәдениетке айналған.