Жаңалықтар

Ақтөбелік дәрігерлер босанған ананың жатыры мен қуығын бірге тігіп жіберген

Ақтөбеде тұратын Альбина Итеғұлова дәрігерлердің немқұрайлылығы салдарынан ауыр дертке шалдыққанын айтып, жұрттан көмек сұрап отыр. Ол 18 тамызда егіз қызын дүниеге әкеліп, отадан кейін мүгедек болып қалған, деп хабарлайды ozgeris.info сайты kznews.kz сайтына сілтемемен. 

 

Альбинаның айтуынша, мекенжайына сәйкес тіркелген емхана оны облыстық перинаталды орталыққа жіберген.

 «Мен бастапқыда теміржол маңындағы ауруханаға барғым келген еді. Өйткені ол жерде білікті мамандар бар екенін білетінмін. Бірақ хаттамаға байланысты ол жер мені қабылдамады. Амалсыздан перинаталды орталыққа бардым. Дәрігерлер сол жерде кесір тілігін жасайтынын айтты. Бұған дейін екі рет табиғи жолмен босанғам. Бірақ бұл жолы ота кезінде қуық зақымданып, денсаулығымнан айырылдым», – дейді ол.

Операциядан кейін әйелдің қуық пен жатыр арасында жыланкөз пайда болған. 

«Қазір арнайы пакеттің көмегінсіз жүре алмаймын. Жатыр мен қуық қосылып кеткен. Етеккір кезінде қан қуық арқылы ағып шығады. Бұл ауырсынуды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Кейде өмір сүргім де келмейді. Бұрын ішіп жүрген ауырсынуды басатын дәрілерді де пайдалана алмаймын, себебі оларға аллергия шығып кетті», – дейді келіншек.

 

Әлеуметтік желідегі жазбасында ол мұндай күрделі жағдайды тек Оңтүстік Корея дәрігерлері ғана түзете алатынын айтып, бірақ оған көп қаражат қажет екенін жеткізген. Сол себепті көпшіліктен қолдау сұрап отыр.

 

Ал дәрігерлерді сотқа беруге ниеті жоқ екенін айтады. «Көпшілік маған соттасуды ұсынады. Бірақ сот арқылы кінәлілерді жазаласам да, денсаулығым қайта оралмайды ғой», – дейді Альбина.

Барлық жаңалық