6 - Қыркүйек түнде, шамамен сағат 01:30-да Ақтаудың 12-ші шағынауданындағы 1-үйдің артындағы аллеяда ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы пышақтасуға ұласқан, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Куәгерлер қанға боялған орындықты көріп, адам өлтірілді деп ойлаған. Алайда Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, аталған дерек бойынша қазіргі таңда денсаулыққа қасақана зиян келтіру бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
“Белгілі болғандай, ер адамдар спирттік ішімдік ішіп отырған кезде өзара жанжал туындап, екі азамат пышақ жарақатын алған. Жараланғандар ауруханаға жеткізілді”, – деді полиция өкілдері.
Тергеу аясында оқиға орнында тексеру жүргізіліп, күдікті анықталып, ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында қамауда.