Қоғам

«TikTok-та көріп сеніп қалдым»: ақмолалық 9 млн теңгеден айырылды

«TikTok-та көріп сеніп қалдым»: ақмолалық 9 млн теңгеден айырылды

Ақмола облысында интернет-алаяқтықтың кезекті дерегі тіркелді. Аршалы ауданында тұратын ер адам жалған инвестициялық платформаға сеніп, шамамен 9 млн теңгеден айырылған деп жазды ozgeris.info сайты.

Полиция мәліметінше, ол алдымен TikTok желісінде инвестиция туралы жарнаманы көрген. Онда мұнай, алтын және күміске ақша салып, жоғары табыс табуға болады деп уәде етілген.

Жарнамада белгілі компанияның атауы қолданылып, сенім тудыруға тырысқан. Тіркеуден өткеннен кейін ер адаммен «менеджер» байланысқа шығып, инвестиция жүйесін түсіндіріп, табыс табуға болатынына сендірген.

Соның әсерінен тұрғын бірнеше рет ақша аударып, жалпы 8 млн 850 мың теңге жіберген. Алайда қаражат түскеннен кейін алаяқтар байланысқа шықпай қойған.

Уәде етілген табыс түспеген соң, ер адам алаяқтық құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген. Қазіргі таңда бұл дерек бойынша тергеу басталып, күдіктілерді анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Барлық жаңалық