Ақтаудағы «Saya Park» сауда орталығында орналасқан «Apollo» ойын орталығында қайғылы жағдай орын алды. 21 тамыз күні декоративті құрылым бір баланың үстіне құлап, оның жарақат алуына себеп болды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Зардап шеккен баланың анасы Айнұр Бисембаеваның айтуынша, құлаған зат электр қалқанын жауып тұрғанымен, ешқандай бекіткішпен орнатылмаған. Сырттай жұмсақ интерьер элементіндей көрінгенімен, оның ішінде ауыр металл бөлшек жасырылған екен.
«Бұл темірдің мүлде бекітілмегенін өз көзіммен көрдім. Өзім көтермек болып едім, тым ауыр болып шықты», – дейді ол.
Жарақат алған бала дереу ауруханаға жеткізілді. Рентген суреттері сүйек сынуын анықтамағанымен, аяғындағы ауырсыну басылмағандықтан, дәрігерлер МРТ жасауға шешім қабылдады. Анасының айтуынша, оқиғадан кейін бала ұйықтай алмай жүр және психологтың көмегіне мұқтаж.
Зардап шеккен отбасы моральдық шығын ретінде 200 мың теңге өтемақы талап етуде. Алайда орталық әкімшілігі тек алғашқы медициналық шығындарды өтеуді және «қосымша өтемақы» ретінде аквапаркке немесе ойын алаңына бір реттік билет ұсынған.
«Балам дәрігерге барып жүр, үйде емделіп жатыр. Олар болса маған ойын-сауық орнын ұсынып отыр. Бұл қалай әділеттілік болады?», – деп наразы ана.
Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша полицияға арыз тіркелген. Іс материалдары Ақтау қалалық әкімдігіне жіберілмек.