Мемлекеттік басқару жүйесінде күтпеген жерден жоғары лауазымдарға ие болған тұлға Қанат Шарлапаев. Ол алдымен «Бәйтерек» ұлттық холдингінің төрағасы, кейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі болды. Наурыз айында Президент көмекшісіне кіріскен экс-министр тағы бір лауазымға жайғасты. Ол Самұрық-Қазына әл-ауқат қорының директорлар кеңесіне мүше атанды. Десе де экс-министрдің өткен өміріне қатысты сұрақтар көп. Ол Президент көмекшісі қызметін жалғастыра бере ме? 1,5 жылдай министр болған шенеунік несімен есте қалды? Қос азаматтығы бар ма? Бюджет ақшасын расымен де тиімсіз пайдаланды ма? Жемқорлықпен танылған әкесінің рөлі қандай? Қалайша ол элитаға қосылды? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
Ресейден – Қазақстан элитасына дейін
Қанат Бейсембайұлы Шарлапаев 1981 жылы Ресейде дүниеге келген. Саратов әлеуметтік экономикалық университетін, сондай-ақ Ұлыбританиядағы Cranfield Management мектебін тәмамдаған. Экономист, қаржы және басқару саласында магистр дәрежесіне ие шенеунік еңбек жолын 2003 жылы Ресейдегі «Петрокоммерц» банкінде менеджер болып бастаған. Кейін Лондон мен Прага қалаларында «Сити» инвестициялық банкінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. 2015-2017 жылдары Қазақстандағы «Сити» банк ұйымында бас қаржы директоры, басқарма төрағасының орынбасары әрі аға вице-президент қызметтерін атқарған. 2022 жылдың ақпан айынан бастап Байтерек холдингінің басқарма төрағасына кіріскен. Ал 2023 жылы қыркүйекте Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып тағайындалды.
Новая газета сайтының мәліметінше, ол «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы қызметіне келген соң, араға 22 күн салып, Ресей Украинаға басып кірді. Көп ұзамай «Сбербанк Қазақстан» батыстың санкцияларына ілікті. Әрине, банкті ертерек тығырықтан шығару керек болды. Сбербанктің қазақстандық еншілес ұйымын «Бәйтерек» сатып алып, қайта құрылды. Нәтижесінде «Береке Банк» пайда болды. Ал 2023 жылдың наурыз айында АҚШ-тың Қаржы министрлігі ресейлік «Сбербанктың» бұрынғы еншілес ұйымынан санкцияларды алып тастағанын хабарлады.
«Жарқыраған комбинация, шапалақтап тұрып тамсануға болады. Қарапайым ғана банкті құтқару үшін Қазақстан қандай шығынға батты екен?», - деп жазды басылым.
Қос азаматтық: құжаттар мен үнсіздік арасындағы парадокс
Десе де, Ресейдің тумасы, Қазақстанға қатысы жоқ Қанат Шарлапаев қалайша отандық элитаға қосыла кетті? Бұл сұрақ көпшілікті әлі мазалайды.
Құпия емес, бірақ көпшілікке жетпеген ақпарат. «Бәйтерек» ұлттық холдингіне басшылық еткен Қанат Бейсембайұлы 2022 жылдың 18 қарашасына дейін Ресей Федерациясының азаматы болған. Яғни дәл сол күні Путин оның РФ азаматтығынан шығуы туралы жарлыққа қол қойған. Яғни, Ресей азаматы Қазақстанның Ұлттық холдингін 9,5 ай бойы басқарған. Бұрын «Бәйтерек» сайтында Шарлапаев мырзаның Ресей азаматтығынан бөлек, Ұлыбритания азаматтығы да бары жазылған болатын.
Айта кетейік, Ұлыбритания бәріне өз азаматтағын бере бермейді. Ал Қазақстанда қос азаматтыққа тыйым салынған. Бүгінге дейін Қанат Шарлапаевтың британ азаматтығынан бас тартқаны, немесе сол елдің өзі азаматтықты қайтарып алғаны туралы ақпарат жоқ.
Жемқорлыққа қатысты әке мен жоғары лауазымдағы ұл
Бұдан бөлек, қоғамды алаңдатқан тағы бір сұрақ болды. Жемқорлықпен ұсталған депутаттың ұлы қалайша мемлекеттік қызметке келді?
Айта кетейік, Бейсембай Шарлапаев Ресейдің Саратов облысы Марксов ауданы жиналысының депутаты, сонымен қатар 2017 жылдың ақпанына дейін «Сысоевский» ЖШҚ-ның бас директоры болған. 2016 жылдың қарашасында ол облыстың ауыл шаруашылығы вице-министрі Алексей Гришановқа 100 мың рубль көлемінде пара бергені үшін сотталып, 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сот оған 2 жылдық сынақ мерзімін және 1 миллион рубль көлемінде айыппұл белгіледі. Бұған қоса, бір айдан кейін кәсіпорын да дәл сондай мөлшерде айыппұл төледі.
Ол параны ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы сараптама комиссиясынан оң қорытынды алу үшін бермек болған. Яғни, «Сысоевский» ЖШҚ-ның асыл тұқымды мал шаруашылығы және эпизоотиялық жағдайы талаптарға сай деген жалған анықтама алу. Аталған мәртебе арқылы кәсіпорын түрлі мемлекеттік қолдауларға қол жеткізуді көздеген.
Экс-министрдің әкесі ұсталғаннан кейін көп ұзамай, 2016 жылдың желтоқсанында осы кәсіпорынға тиесілі 50-ден астам асыл тұқымды сиыр қырылып қалды. Суаруға айдаған кезде олар жаппай мұз астына түсіп кеткен.
«Әрине, балалар әкелерінің әрекеті үшін жауапты емес. Алайда бізде туысқанының соттылығы бар болса, учаскелік полицей болуға да рұқсат бермейді. Ал ол халықтың миллиардтаған ақшасын басқарған адам. Оның үстіне, ауыл шаруашылығы саласында. Сонда Шарлапаев қалай арнайы тексерістен өткен? Әлде этикалық талаптарды ысырып тастайтын мықты экономист болғаны ма?», - деп шүйліккен еді адвокат Жохар Өтебеков.
Холдингтің қымбат кадрлары мен миллиардық сыйақылар
Компромат Қазақстан cайтының мәліметінше, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында басталып, жылдар бойы тиімсіз жұмысымен танылған құрылым. Жыл сайын қордың қаржылық есептері мардымсыз көрсеткіштер мен мақсатсыз шығындарды көрсетіп келген. Холдингті бірнеше рет қайта құрып, шағын әрі нақты мақсаттары бар ұйымға айналдыруға да тырысқан. Алайда нәтижесі «Самұрық-Қазына» сияқты сәтсіз аяқталды.
«Бәйтерек» нақты экономикалық міндеттерін орындай алмады, ал оның қызметкерлері, әсіресе басшылық құрам, өздеріне «жылы орын» жасай алған. Холдингтің басқарма төрағасы қызметін атқарған Қанат Шарлапаевтың нақты қанша қаражат алғаны әлі де белгісіз.
"Алайда 2021 жылы басқарма мүшелері өз жұмыстарын тиімді деп бағалағаны сонша, төрт адамнан тұратын ұжым өздеріне 684,3 миллион теңге жалақы мен сыйақы жазып алған. Демек, әрқайсысына ай сайын шамамен 14,25 миллион теңгеден келген. 2022 жылы мұндай рекордтық көрсеткіштер тіркелмеген. Себебі, Қанат Шарлапаев Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» идеясындағы әлеуметтік бағдарға көңіл бөліп, ай сайынғы жалақысын «бар болғаны» 9,13 миллион теңгеге түсірген", - делінген басылымда.
Ұлыбритания азаматы Қазақстандағы ең ірі қорлардың бірін қалай басқарды?
2023 жылдың 5 қыркүйегінде Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып тағайындалғаннан кейін, шенеунік Tengrinews тілшісіне берген сұқбатында азаматтығына қатысты сұраққа жауап берді.
«Мен бұл мәселенің нүктесі қойылған шығар деп ойласам. Қазақстан азаматы атанғаныма біраз болды. Тек бұл туралы көпшілікке жариялап айтпадым. Себебі мұны жарнамалау дұрыс емес деп есептедім. Мен 2022 жылдың соңында Қазақстан Республикасының азаматы болдым. Бұл уақыт ішінде көп дүние өзгерді. Мен бұл тақырыпқа аса мән бермеймін, өйткені шешімді жартылай қабылдауға болмайды. Егер болашағыңызды Қазақстанмен байланыстырғыңыз келсе, онда оған толыққанды қадам жасау керек. Қиындық туған жағдайда қашып кететін мүмкіндік қалдыруға болмайды. Жалғыз жол жұмысыңызды адал атқару, не кем дегенде кәсіби тұрғыда бар күшіңізді салып, соған ұмтылу. Бұл істі жартылай атқаруға болмайды», - деген еді Қанат Шарлапаев.
Азаматтыққа қатысты сұраққа экс-министр сол күйі нақты жауап бермеді. Оның бұл әрекеті қоғамға күмәнді болып көрінді.
«Британ төлқұжатынан бас тарту оңай емес. Ал Шарлапаев мырзаның арзан патриоттық пафосқа толы сөздері күлкілі. Ол дәл осы пафоспен шынайы жауап беруден оңай құтылды», - делінген Новая Газета сайытында.
Осылайша өмірбаяны күмәнді, жауабы жоқ сұрақтарға толы шенеунік биыл 28 ақпанда аталған ведомстводағы кабинетін Ақордаға ауыстырды. Осылайша мемлекет басшысының экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып шыға келді.
Министрлің кезең: утильалым, құрылыс кодексіндегі дау
Ал бұған дейінгі 1,5 жылдық министр қызметі ың-шыңсыз өтпеді. Халық арасында өте жақсы танылып үлгерді десек артық емес. Бұл ретте бірден утильалым ойға оралады. Оған қатысты петиция да жарияланып, қажет 50 мың қол жиналған. Арнайы жұмыс тобы да құрылды. Бірақ түбінде Шарлапаев бастаған министрлік утильалым бойынша петиция талаптарын қанағаттандырудан бас тартты.
Бұдан бөлек ведомство ұсынған құрылыс кодексі қатты сынға ұшырады. Депутаттар бұл курстық жұмыс деп сөккен болатын.
«Мына алдымызда құрылыс кодексі, бұл 177 бет, 34 бөлім, 200 баптан тұрады. Ешқандай жаңашылдық жоқ бұл заңда, басқаша айтқанда үш заңды қосып-қосып бір заң істей салған», - деген еді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек.
«Мынау кодексті әзірлеуге 2023 жылы бюджеттен 382,5 млн теңге бөлінген. Демек министрлік осы заңды жәй көшіріп жасағаны үшін әр бетіне 1,6 млн теңге төлеген», - деп сынға алды екінші депутат Елнұр Бейсенбаев.
Ғылыми зерттеу институты нақты шығындарды талдау бойынша құрылыс нормаларын әзірлеуге кеткен шығында 291 млн теңгеге артық бағалаған. Жалпы алғанда құрылыс кодексінің жобасын әзірлеуге бюджетік шығыстар жоспарланбағаны әшкере болды. Қанат Шарлапаев бұған да күйіп-піскен жоқ. Экс-министр депутаттың аудит жасаған қорытындысын теріске шығарды.
Мемлекет басшысының көмекшісі Ринат Зайытовтан да сөз естіген. Экс-министрдің баяндамасына күмәнмен қараған мәжілісмен өнермен емес, өндіріспен айналысу қажет екенін басып айтқан. Өткен жылдың сәуірінде өткен үкімет сағатында депутат өтірік сөйлемеуге де шақырды.
«Құрметті министр, сіз өнеркәсіп басшысы дейді, өнер деген шығармашылық емес, өнеркәсіп «производство», сіз көрсетіп отырған 9 көліктің түрінің 10 пайызы да бізде құрастырылмайды, өтірікті басқа жерде айтыңыз», - деп қатты айтқан еді ол.
Бүгінде Қанат Шарлапаев министрлікті тастап, Президенттің көмекшісі қызметінде, одан бөлек Самұрық-Қазына әл-ауқат қорының директорлар кеңесіне мүше атанды. Алайда оның азаматтағы туралы сұрақ сол күйі жабылмады. Қоғам да оны ұмытпады. Қанат Шарлапаевтың туыстарының ешқайсысы Қазақстан резиденті емес екенін де айта кеткен жөн.