Қаржы саласында халыққа керекті, бірқатар жаңалықтар болып жатыр. Бірін жұрт қуанып қабылдаса, бірін күрсініспен қабылдап отыр. Үңілейік, деп жазады Ozgeris.info.
Қате аударымды қайтару функциясы
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова банктердің мобильді қосымшаларында жаңа мүмкіндік енгізілуі керек екенін айтты. Бұл жаңашылдық клиенттерге белгісіз адамнан немесе қате аударылған қаражатты бір батырманы басу арқылы кері қайтаруға мүмкіндік береді.
Мәжілісте өткен брифинг кезінде журналистер мұндай функция қазір тек бір банктің қосымшасында ғана бар екенін атап өтті. Онда пайдаланушы егер ақшаны кім жібергенін білмесе немесе белгілі адамнан қаражат қабылдағысы келмесе, қаражатты оңай қайтара алады.
«Бұл – өте дұрыс әрі пайдалы шешім. Біз мұндай мүмкіндіктің барлық банктердің қосымшасында іске асуын және оны міндетті талап ретінде енгізуді ұсынамыз», деді Мәдина Әбілқасымова бұл бастаманы қолдап.
Агенттік басшысының айтуынша, бұл жаңалық соңғы жылдары көбейіп кеткен «дропперлер» деп аталатын заңсыз әрекеттермен күрестің бір бөлігі болмақ. Дропперлер – өз шоттарын алаяқтар мен қылмыстық топтарға пайдалануға беретін адамдар. Мұндай тетіктерді енгізу арқылы есірткі саудасы мен ақшаны жылыстату арналарын жабуға болады.
Мәдина Әбілқасымова жаңа жүйені енгізу бірнеше ай уақыт алатынын айтты.
«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесе отырып, қаржы секторындағы ашықтықты арттыру бағытында жүйелі түрде жаңа талаптарды енгізіп келеді», деді ол.
Жаңа функция іске қосылғаннан кейін кез келген адам егер өз шотына белгісіз аударым түссе, ақшаны қабылдамай, оны бір батырманы басу арқылы кері қайтара алады. Сарапшылардың айтуынша, бұл жаңашылдық банктердің цифрлық қауіпсіздігін күшейтіп, азаматтардың құқықтық қорғалуын жаңа деңгейге шығарады.
Несиесі кешірілмейді...
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова азаматтардың несиесін мемлекет есебінен жаппай кешіру мәселесі күн тәртібінде жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай шара ел бюджетінің тұрақтылығына қатер төндіріп, бүкіл қаржы жүйесіне салмақ түсіреді.
«Несие амнистиясы – бір реттік шара. 2019 жылы жүргізілген тәжірибеден кейін кейбір азаматтар қайта қарыз алып, оны өтей алмай қалды. Мұндай жағдай қоғамда қате түсінік қалыптастырады. Адамдар бес-алты жыл сайын қарыз кешіріледі деп ойлап, төлем қабілеттілігіне жауапсыз қарай бастайды. Бұл моральдық тәуекел. Бұл қадам қазынаға ауыр соққы болар еді. Сондықтан әзірге Үкімет бұл бастаманы қолдамай отыр. Біз оның орнына балама шешімдерді ұсынудамыз», деді Мәдина Әбілқасымова.
Бұған дейін Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов та бұл мәселеге қатысты пікір білдірген еді. Ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енетінін, алайда салықтық немесе несиелік толық амнистия жоспарланбағанын айтты.
Зейнетақы жарнасы жеке шотқа түсе ме?
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер қызметкерлерінің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қосымша жарна аударып келеді. Бұл жарна жұмыс берушінің өз қаржысы есебінен төленеді және қызметкердің жалақысына қосымша міндетті 10% төлемнен бөлек жүзеге асырылады.
Жаңа жүйе кезең-кезеңімен енгізілуде. 2024 жылы жұмыс берушілер жалақының 1,5%-ын, 2025 жылы 2,5%-ын, 2026 жылы 3,5%-ын, 2027 жылы 4,5%-ын, ал 2028 жылдан бастап 5%-ын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударады.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов осы қосымша 5%-дық жарнаның бөліну тәртібін қайта қарау туралы ұсынысын айтты. Оның сөзінше, қаржы сарапшыларының пікірін ескере отырып, осы 5%-дың 4%-ын тікелей қызметкердің жеке шотына аудару, ал 1%-ын жалпы қорға қалдыру орынды болмақ.
«Бүгінде әрбір азаматтың жалақысынан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 10% міндетті жарна ұсталады. Былтырдан бері жұмыс берушілер де өз есебінен қосымша 5% төлеуге міндеттелді. Біз және қаржы саласының мамандары сол 5%-дың 4%-ын қызметкердің жеке шотына тікелей бағыттау қажет деп санаймыз. Қалған 1%-ы жалпы қорға түссін, өйткені ел ішінде жалақы алмайтын, бірақ зейнетақыға мұқтаж азаматтар да бар», деді Асхат Аймағамбетов.
Депутаттың айтуынша, бұл тәсіл еңбек етушілердің болашақ зейнетақысын ұлғайтып қана қоймай, әр азаматтың жеке жинағын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, жүйенің ашықтығын арттырып, азаматтардың зейнетақы жүйесіне деген сенімін күшейтеді.
«Мысалы, сіз қазір бұқаралық ақпарат құралында жұмыс істеп жүрсіз. Әр ай сайын жалақыңыздың 10%-ы БЖЗҚ-ға аударылып отырады. Бұған қоса, жұмыс берушіңіз өз қаражаты есебінен тағы 5% қосады. Егер осының 4%-ы тікелей сіздің жеке шотыңызға түссе, зейнетақы жинағыңыз жыл сайын едәуір өсіп отырады. Бұл ұсынысты бұрынғы Ұлттық банк төрағалары мен экономистер де қолдап отыр. Менің де жеке пікірім осы бағытта», деді депутат.
Бұл ұсыныс талқылау деңгейінде болғанымен, сарапшылар оның әлеуметтік тиімділігін жоғары бағалап отыр. Себебі әр қызметкер өз еңбегінен түскен қаржының қайда және қалай жиналып жатқанын нақты көре алады. Ал жалпы қорға түсетін үлес әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, табысы жоқ азаматтарға да зейнетақы төлеуге мүмкіндік береді. Егер бұл бастама қолдау тапса, 2028 жылға қарай зейнетақы жүйесі жаңа деңгейге шығып, еңбек етушілердің жеке жинағы айтарлықтай ұлғаймақ.