Күні кеше Маңғыстауда орын алған оқиға мектептердің шынайы бетін ашты. Мыңдаған балалар әлі де қауіпті білім ордаларында оқып келеді. Олардың саны қанша? Мәселе неге әлі шешілмей келеді? Министрлік проблеманы 3 жыл ішінде шешеміз деп уәде еткен, екі жыл өтсе де жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, немесе сапасы сын көтермейтін білім ордалары жетерлік. Осы сұрақтарға статистика арқылы және сарапшылардың пікірін ескеріп Ozgeris.info тілшісі зерттеп көрді.
Апатты мектептердің 76 пайызы ауылдарда орналасқан
Бүгінде ауылдағы мектептер тек білім беру орны ғана емес, жергілікті халық үшін мәдениет пен руханияттың орталығы болып саналады. Мектептердің жағдайы мен жабдықталуы ауылдардың дамуына және халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Премьер-министр Олжас Бектенов ауыл мектептерінің қазіргі жағдайы туралы айтқан болатын.
«Ауыл мектептерінің арқасында көптеген елдімекендерге даму мүмкіндігі беріліп отыр. Қалалық мектеппен салыстырғанда, ауылдық мектептердің педагогикалық потенциалы мықты, себебі мұнда бірнеше елдімекеннің балалары оқи алады. Сондықтан Мемлекет басшысы ауыл мектептерін дамытуға ерекше мән беріп отыр, - деген еді Премьер-министр.
Оның айтуынша, ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы аясында 2027 жылға дейін 180 мектеп салу жоспарланған. 2025 жылдың алғашқы жартысында 42 ауыл мектебі пайдалануға берілді, олардың көпшілігі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы жүзеге асқан.
Соңғы үш жылда ауылдық жерлерде 2,5 мың мектеп жаңғыртылды. Білім беру ортасын жақсарту және оқушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 800-ден астам мектепте күрделі жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар, ауыл мектептері үшін 4 мыңнан астам пәндік кабинет сатып алынған.
Сондай-ақ, ауылға білікті педагогтарды тарту үшін лауазымдық жалақыға 25% қосымша төлем қарастырылған.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы келген ұстаздарға көтерме жәрдемақы төленеді, сонымен бірге үй сатып алу немесе салу үшін жеңілдетілген несиелер беріледі. Дегенмен, қала мен ауыл мектептерінің білім сапасындағы алшақтық әлі де анық байқалады. Сондықтан өңірлердегі мықты мектептердің базасында тірек мектептерді құру туралы шешім қабылданды. Бұл бағытта жеке сектор мен қоғамдық қорлардың қатысуымен бірнеше жоба жүзеге асуда, - деді Олжас Бектенов.
Мысалы, Ақтөбе облысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тірек және шағын жинақты мектептерді жабдықтау үшін 1,8 млрд теңге бөлген.
«Тірек мектептер шағын мектептердің білім сапасын көтеріп жатыр. Былтыр қыркүйек айында Ақтөбе облысына жасаған сапарымда осы жобаның алғашқы оң нәтижелерін өз көзіммен көрдім. Оқушылардың білім деңгейі арта түскені байқалады», - деп атап өтті Премьер-министр.
Бірқатар жетістіктерді ортаға салып, мақтанып отырсақ та, шешілмеген мәселелер жетерлік.
«Бүгінде үш ауысыммен оқытатын мектептердің 57 пайызы ауылда орналасқан. Бұл негізінен Алматы мен Түркістан облыстарында. Апатты мектептердің 76 пайызы да ауылдық жерлерде, оның ішінде Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында көптеп кездеседі. Шағын жинақты мектептерде мұғалімдердің жетіспеушілігінен бір педагог бірнеше пәннен қатар сабақ береді. Білікті мамандар жетіспейді, әсіресе математика, физика және шет тілдері бойынша. Бұл жағдай ақыр соңында қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы үлкен алшақтыққа алып келді», - деген еді Бектенов.
Апатты мектептердің саны қанша?
Соңғы бес жылда апатты мектептер саны айтарлықтай артқан. 2019 жылы 37 болса, 2023 жылы 55-ке жеткен. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі 2025–2030 жылдарға арналған аймақтық саясат тұжырымдамасы аясында әзірленген үкімет қаулысының жобасында хабарлады.
2023–2024 оқу жылының қорытындысы бойынша республикада 55 апатты мектеп тіркелген. Олар келесі облыстарда орналасқан:
• Абай - 3
• Ақмола - 2
• Ақтөбе - 5
• Атырау - 5
• Батыс Қазақстан - 5
• Жамбыл - 3
• Қарағанды - 3
• Қызылорда - 8
• Маңғыстау - 2
• Павлодар - 1
• Солтүстік Қазақстан - 3
• Түркістан - 4
• Ұлытау - 2
Сонымен қатар, елде үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда 112 үш ауысымды мектеп бар, онда 204,3 мың оқушы білім алуда.
Оқушылардың қауіпсіздігіне кім жауапты?
23 шілде күні таңертең Маңғыстау облысы Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылында төтенше жағдай тіркелді. Жергілікті гимназия мектебінің акт залының төбесі опырылып түсті. Жалпы 250 шаршы метр аумақ зардап шекті. Абырой болғанда, жазғы демалыс кезінде ғимарат бос тұрғандықтан, ешкім зардап шеккен жоқ.
Мектеп 2007 жылы құрылысы басталып, 2009 жылы пайдалануға берілген. Білім ошағы апатты деп танылмаған.1 200 оқушыға арналған. Қазір арнайы комиссия құрылып, сарапшылар техникалық тексеріс жүргізіп жатыр. Құрылыс нормаларын бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Егер жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталмаса, оқушыларды уақытша басқа мектептерге ауыстыру мәселесі қаралуда.
Аталмыш жағдай еліміздегі мектептердің сапасының қандай екенін көрсетіп отыр. Одан бөлек,бақылау мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды.
«Менің ойымша, әр мектептің техникалық жағдайына 5 жыл сайын міндетті аудит жүргізіп, оның нәтижелерін ашық жариялап отыру қажет. Осылайша апатты жағдайдың алдын алуға болады. Мәселен, бұл мектеп небәрі 16 жыл ғана жұмыс істеп тұр. Ал Қазақстанда күрделі жөндеу 25 жылдан кейін ғана жүргізіледі. Бұлай болмауы керек. Видеоны қарап отырып, төбе құлаудың алдында залдағы барлық есіктердің бір мезгілде ашылып кеткенін байқадым. Бұл жарылысты немесе техникалық ақауларды білдіруі мүмкін», - дейді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.
Смирнова барлық мектептердің жағдайы туралы деректер енгізілетін интерактивті карта жасауды ұсынады.
«Қазір апатты мектептер тек мектеп басшылығының сұранысы бойынша ғана тексеріледі. Ал егер директор ешнәрсе айтпаса не болады? Немесе “уақыты келген жоқ” деп, жоғары жақтан тексеруді тоқтатып тастаса ше? Мұндайда деректерді жүйелі түрде жинап, жариялап отыру қажет», - деді ол.
Мысалы, Аралда 15 бұрын салынған мектеп апатты деп танылып, жабылып қалды.
«2019 жылға дейін апатты деп танылмаған. Бірақ төбеден су өте бастаған соң өрт шығу қаупі туындады. Сол себепті мектеп жабылып қалды. Қазір бұл мектепті бұзып, орнына жаңасын салу мәселесі қаралуда. Неге? Жөндесе жеткілікті емес пе? Әлдеқайда арзан болар еді. Ал қазіргі таңда оқушылар бейімделмеген ғимараттарда немесе басқа мектептердің жанында оқып жүр. Мұндай жағдайда білім сапасы туралы не айтуға болады» - дейді депутат.
Смирнованың пікірінше, мұндай мәселелерге жүйелі, кешенді көзқарас қажет:
«Шатырдан бастап, парталар мен құрал-жабдықтарға дейін барлық инфрақұрылымды зерттеп, соған сәйкес жұмыс жүргізу керек. Тек сонда ғана еліміздегі білім беру нысандары жүйелі дамиды»,- дейді ол.
Билік 2023 жылы алдағы үш жыл ішінде апатты мектептер мен үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге уәде берген еді. Арада екі жыл өтсе де, мәселе толық шешілген жоқ. Керісінше, статистика көрсетіп отырғандай, апатты мектептердің саны артып отыр.