Қазақстандық ақпараттық кеңістікте «Ұлттық банктің қорында небәрі 400 тонна алтын ғана бар» деген бейнежазба таралып, қоғамда қызу пікірталас тудырды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
YouTube платформасында жарияланған видеода автор еліміздің алтын-валюта резервіне алаңдаушылық білдіріп: «Басқа елдердің 1000 тонна, 2000 тонна, 8000 тонна алтындары бар. Бізде – 400 тонна ғана. Бұл не деген сөз?» – деп мәлімдеді.
Сондай-ақ ол: «Біз өз қорымызды алтынмен емес, басқа валютамен, доллармен сақтап отырмыз. Құнсызданып жатқан доллармен» – деп Ұлттық банк саясатын сынға алады. Автордың айтуынша, қазіргі саясат Қазақстанды сыртқы экономикалық соққылар алдында әлсіз күйде қалдырады.
Алайда бұл мәлімдемелер нақты ресми дереккөздермен расталмаған. 2025 жылдың маусым айындағы World Gold Council ұйымының ресми дерегіне сәйкес, Қазақстанның алтын қоры 299 тонна шамасында. Бұл көрсеткіш елді әлем бойынша алтын қоры бар мемлекеттер қатарында алдыңғы отыздыққа енгізеді. Ұлттық банк те бұл мәліметті өз сайтында растап отыр.