Алматы облысының таулы аймағында болған жол апаты салдарынан бір адам көз жұмды. Оқиға кезінде көлікте Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Дәулетәлиев отырған деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Smartnews.kz сайтына сілтемемен.
Алдын ала деректерге сәйкес, жол-көлік оқиғасы демалыс күндерінің бірінде Райымбек ауданында болған. Bestune T55 маркалы қызметтік көлікті тізгіндеген Дәулетәлиев рөлге ие бола алмай, көлік жол жиегіне шығып кеткен. Автокөлік бірнеше рет аударылып, соның салдарынан 38 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмған.
Әкім мен 34 жастағы жолаушы ауыр жарақат алып, жедел түрде ауруханаға жеткізілген. Қазір олардың жағдайы тұрақтану кезеңінде.Апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған.
Талғар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасап, былай деп хабарлады:
«Панфилов ауылдық округінің әкімі қатысқан жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Мемлекеттік қызметші қазір ауруханада. Еңбекке жарамсыз болғандықтан қызметтік тексеріс уақытша тоқтатылды. Тергеу аяқталған соң және ол жұмысқа шыққаннан кейін тәртіптік шаралар Әдеп кеңесінде қаралады».
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары да жол апатына түскен еді. Бұл жағдай да қоғам назарын аудартқан болатын.