📰 Сарапшылар пікірі

Әлеуметтік аз қорғалған отбасылар саны қашан азаяды?

Халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына қамқорлық жасау – орнықты даму мен әлеуметтік әділеттілікке ұмтылған кез келген елдің бұлжымас ұстанымы. Кейінгі жылдары елімізде кедейлікпен күресу, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Соған қарамастан көмекке зәру отбасылардың саны әлі де азаймай отыр, деп сараптайды Ozgeris.info.

Бұл мәселенің түп-төркіні көп жағдайда экономикалық теңсіздікке, институционалдық шектеулерге, әлеуметтік саясаттың тиімділігіне барып тіреледі. Сарапшылардың айтуынша, кедейлікпен күрес тек ақшалай төлемдер арқылы емес, ұзақмерзімді, құрылымдық өзгерістер арқылы жүзеге асуы тиіс.

Экономист Әлібек Құлымбетовтің айтуынша, экономикалық өсімнің өзі кедейлікпен күресте жеткіліксіз.

– Ішкі жалпы өнім артқанымен, бұл өсім халықтың барлық тобына бірдей үлестіріліп жатқан жоқ. Әсіресе, табысы ең төменгі күнкөріс шегінен төмен азаматтарға бұл өсімнің әсері жетпей жатыр. «Егер біз теңсіздік мәселесін шешпей, кірістердің әділ бөлінісін қамтамасыз етпесек, кедейлік деңгейі өздігінен төмендемейді. Қазіргі басты қауіп – «жұмыс істеп кедей болу» феноменінің кеңеюі. Бұл дегеніміз – адамның еңбек етіп жүріп те күнкөріс деңгейінен төмен табыс табуы. Жалақысы мардымсыз жұмыс орындары, әсіресе ауылдық жерлерде кең таралған. Бұл тенденция әлеуметтік әділеттілікке нұқсан келтіріп қана қоймай, еңбек нарығында мотивацияны да әлсіретеді, – дейді ол. 

Әлеуметтанушы Райхан Қалидолдина кедейлікті тек экономикалық санат ретінде қарастыру жеткіліксіз деп есептейді. Оның айтуынша, бұл ұғымға тұрмыстық, білімдік, психологиялық және мәдени факторлар да кіреді.

– Бүгінгі кедейлік – көбіне жүйелі себептерден туындайтын, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін күрделі құбылыс. Ата-анасы кедей отбасынан шыққан бала, егер арнайы қолдау болмаса, дәл сондай шеңберде қалып қоюы мүмкін. Сондықтан мемлекеттің мақсаты – тек әлеуметтік төлем беру емес, өмірлік жағдайдан шығуға нақты мүмкіндік жасау болуы керек. Әсіресе көпбалалы аналар мен ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға қатысты қолдау кешенді болуы қажет. Өйткені бұл санаттар ең осал топқа жатады, әрі мемлекеттік қолдауға тәуелділігі де жоғары, – дейді маман. 

2023 жылғы дерек бойынша, елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыспен өмір сүріп жатқан отбасылардың басым бөлігі – төрт және одан көп баласы барлар. Мұндай отбасылар халықтың кедей тобының 97 пайызын құрайды. Ал 90 пайызға жуығы жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен екі есе аспайды. Демек, бұл санаттарда кедейліктен шығу мүмкіндігі өте шектеулі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы кедейлік деңгейі 4,6 пайызды құраған. Алайда бұл көрсеткіш аймақтар бойынша айтарлықтай әркелкі. Мысалы, Түркістан облысында кедейлік деңгейі 7,9 пайыз болса, Қарағанды облысы мен Астанада бұл көрсеткіш 2,4 пайыздың маңайында. Аймақтық теңсіздіктің себептері қатарында инфрақұрылымның дамымауы, сапалы жұмыс орындарының жетіспеушілігі, және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділіктің төмендігі бар.

Кедейлікпен күресте атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) – негізгі құралдардың бірі. Өткен жылы АӘК 78,1 мың отбасындағы 413,7 мың адамға берілді. Оның басым көпшілігі – балалар мен еңбекке қабілетті азаматтар. Алайда сарапшылар бұл жүйенің тиімділігіне қатысты алаңдаушылық білдіруде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі АӘК тағайындау механизмін қайта қарап, жаңартылған ережелерді енгізді. Енді көмек алу кезінде азаматтың табысымен қатар, шығыстары да ескеріледі. Бұл шара шын мәнінде мұқтаж адамдарды анықтауға бағытталған. Қазір АӘК рәсімдеу үдерісі  толық цифрландырылып, барлық қажетті мәліметтер электронды үкімет арқылы жиналатын болды. Бұл өз кезегінде жүйенің ашықтығы мен әділеттілігін арттыруға бағытталған.

Алайда мұндай реформалардың да өз шектеуі бар. Экономист Әлібек Құлымбетов АӘК – уақытша шара ғана екенін алға тартады. Оның айтуынша, кедейлікті тұрақты түрде төмендету үшін тұрғындардың еңбек нарығына тиімді араласуын қамтамасыз ету қажет.

Мемлекет халықтың табысын арттыратын, экономиканың нақты секторын көтеретін ұзақмерзімді бағдарламаларға басымдық беруі керек. Жалақысы жоғары жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті қолдау, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту – нағыз нәтижелі саясат осылар», – дейді экономист.

Сарапшылар сондай-ақ әлеуметтік саясаттың атаулылығы мен әділеттілігін күшейту үшін қоғамның өзі де белсенді болуы керек дейді. Азаматтық бақылау, жергілікті қауымдастықтардың күшеюі, қоғамдық ұйымдардың мониторинг жүргізуі – бұл процестердің тиімділігін арттыратын факторлар. Сонымен қатар, сарапшы Райхан Қалидолдина әлеуметтік қолдау тек қаржылай көмектен тұрмауы тиіс деп санайды.

– Жеке қолдау бағдарламалары, білім беру мен кәсіби даярлыққа бағытталған жобалар, психологиялық көмек, инклюзия және цифрлық сауаттылықты арттыру, бұлардың барлығы кедейлікті азайтудың жүйелі тетігі болуы керек. Тіпті өз кәсібін ашуға ниетті отбасыларға грант беру мен оқыту – әлдеқайда нәтижелі, – дейді ол.

Бүгінде мемлекет осы бағытта белгілі бір қадамдарға баруда. Мысалы, АӘК алушылардың ішінде жұмысқа жарамды азаматтар арнайы жұмыспен қамту бағдарламаларына тартылады. Олар үшін қысқа мерзімді курстар, әлеуметтік жұмыс орындары мен кәсіпкерлікке арналған гранттар қарастырылған. Былтырдың өзінде 50 мыңнан аса отбасы дәл осы құралдардың арқасында кедейлік жағдайынан шыққан.

Дегенмен басты сұрақ – бұл шаралар жеткілікті ме? Қоғамдағы өткір мәселені бір ғана әлеуметтік жәрдемақымен шешу мүмкін емес. Кедейлік – мемлекеттің ғана емес, тұтас қоғамның дерті. Оны емдеу үшін әр сала – экономика, білім беру, денсаулық сақтау, еңбек нарығы, цифрландыру – біріге жұмыс істеуі қажет. Әлеуметтік әділеттілік, тең мүмкіндік, еңбекке қарай ынталандыру – осындай кешенді қағидаттар негізінде ғана әлеуметтік әлжуаз топтардың саны шын мәнінде азаюы мүмкін.

Барлық жаңалық