Қоғам

Alatau City Bank Вячеслав Кимнің иелігіне өтті

Alatau City Bank  Вячеслав Кимнің иелігіне өтті

Қазақстандағы ірі қаржы институттарының бірі – Alatau City Bank-тің жаңа иесі белгілі болды. Банктің 100% акциясы енді Вячеслав Кимге тиесілі. Бұл туралы компания ресми түрде мәлімдеді, деп жазады Ozgeris.info.

Жаңа мәміле арқылы Ким банктің бұрынғы иесі  кәсіпкер Ғалымжан Есеновтен үлесті толық сатып алды. Бұған дейін бұл банк First Heartland Jusan Bank атауымен белгілі болған. Ал 2024 жылдың маусымында ребрендинг жасап, атауын өзгертті. Жаңа атауға сәйкес, 4 шілдеде қайтадан ресми лицензия да алды.

Банктің жаңа иесі Вячеслав Ким бұл келісімді стратегиялық шешім деп бағалап отыр.

«Alatau City Bank-ті сатып алу мен үшін аса маңызды. Мен оның негізінде Қазақстан нарығы үшін жаңа қаржы институтын құруды жоспарлаймын. Соңғы екі жылда атқарылған жұмыс үшін банк менеджментіне алғысымды білдіремін. Егер үздік нәтижелерді сақтап, технологиялық дамуға ерекше көңіл бөлсек, табысқа жетеміз»,  деді ол мәміле жайлы.

Кәсіпкердің бұл сөзі банктің бағыт-бағдары алдағы уақытта технолoгиялық жаңғыру мен жаңа өнімдерге негізделетініне меңзейді. Бұрынғы иесі Ғалымжан Есенов банк жұмысына өз бақылауын 2023 жылдың ортасында алғанын еске салды. Оның айтуынша, осы кезеңде команда бірқатар маңызды өзгерістер жасап үлгерген:

«Командамыз банк қызметінің тиімділігін арттырып, бизнес-үдерістерді оңтайландыруға, өнімдерді жаңартуға және активтердің сапасын жақсартуға күш салды. Бұл өзгерістер енді Ким мырзаның басшылығымен одан әрі дами түсетініне сенемін», деді Есенов.

Бүгінде Alatau City Bank – Қазақстандағы актив көлемі бойынша алдыңғы алты банктің қатарында. Ал меншікті капитал бойынша тіпті үшінші орында тұр. Бұл банктің нарықтағы салмағы жоғары, ал енді оның басқаруына Kaspi.kz сынды табысты финтех жобаның тең құрылтайшысы Ким келіп отырғаны  қаржы саласындағы ірі өзгерістің белгісі.

Вячеслав Ким туралы қысқаша:
    •    Kaspi.kz финтех платформасының негізін қалаушылардың бірі;
    •    Kaspi директорлар кеңесінің төрағасы;
    •    Forbes Kazakhstan мәліметінше, байлығы – 7,1 млрд доллар;
    •    Елдегі ең ықпалды әрі бай кәсіпкерлердің бірі.

Барлық жаңалық