Қоғам

Абай облысы әкімі 450 млн теңге тұратын кресло ала ма?

Абай облысы әкімдігі 450 миллион теңгеге кеңсе жиһазын сатып алмақ деген ақпарат қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде бұл жаңалық «әкім креслосына жарты миллиард теңге бөлінді» деген сипатта таралып, сын мен ашудың нысанына айналды, деп жазады Ozgeris.info. 

 Қоғамда «жаңа әкім келді де, кеңсесін хан сарайындай етіп қайта жасақтауға кірісті» деген пікірлер басым болды. Берік Уәли Абай облысын басқаруға 2025 жылдың басында келген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол жылы бюджет шығындарын қысқарту, артық сән-салтанаттан бас тарту туралы бірнеше нақты тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысы үкімет мүшелері мен өңір әкімдеріне қымбат көлік, жөнсіз жөндеу, шектен тыс жиһаз алуға тыйым салуды қатаң ескерткен. Мұндай жағдайда Абай облысындағы жиһазға жұмсалмақ болған қаражаттың көлемі – қоғам үшін орынды сұрақ туғызатыны заңды.

Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметтерге сүйенсек, облыс әкімдігі 410 389 267 теңге сомасына жиһаз жасау бойынша ашық конкурс жариялаған. Конкурстық сипаттамада табиғи шпон, бук ағашынан жасалған үстелдер, былғарымен қапталған креслолар мен тумбалар, күйдірілген емен түстес құжат шкафтары сынды премиум санатындағы кеңсе бұйымдары көрсетілген. Бұл тапсырыстың ең қымбат жиһаздары №1 кабинетке, яғни әкім отыратын кеңсеге қойылуы мүмкін деген ақпарат желіні шарлап кетті. Нәтижесінде жұрттың ашуы артып, бұл бастама Президенттің үнем саясатына қайшы келеді деген пікірлер өршіді.

Осы жағдайға байланысты Абай облысы әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Қасым арнайы түсініктеме беріп, жиһаз сатып алу мәселесіне қатысты әкімдіктің ұстанымын мәлімдеді. Оның айтуынша, мәселе бір ғана креслода емес, 639 қызметкер жұмыс істейтін әкімдік пен оған қарасты 23 басқарма үшін қажетті кеңсе жабдықтарын сатып алуда болып отыр.

«Абай облысы құрылған 2022 жылдан бері облыс әкімінің аппараты мен басқармаларға жиһаз сатып алу жүргізілген жоқ. Қызметкерлердің көбісі Семей әкімдігінен берілген бұрын пайдаланылған жиһазбен жұмыс істеп келді. Ал кейбір басқармалар тіпті өз жиһаздарын өздері әкелген. Жаңа облыс құрылғанда кейбір мамандар терезе алдына отырып жұмыс істеуге мәжбүр болды», – деді Азамат Қасым. 

Әкімдік бұл мақсатта 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін бастаған. Алайда конкурсқа қатысқан әлеуетті жеткізушілердің құжаттары талапқа сай болмағандықтан, жеңімпаз анықталмаған. Осы себепті конкурс ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына сәйкес 7 рет қайта жарияланған. Тек 2025 жылғы 20 маусымда ғана ашық конкурс ресми түрде өткізілді.

Жиһаз қажеттілігі ҚР Қаржы министрінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі №201 бұйрығына сәйкес анықталған. Бұл бұйрықта мемлекеттік органдарды кеңсе жиһазымен, техникалық құрал-жабдықтармен, көлік және байланыс құралдарымен қамтамасыз етудің нақты нормалары бекітілген.

«Бұл – ысырап емес, жұмыс істеуге қажетті инфрақұрылым. Президент бюджет қаражатын үнемді жұмсауды тапсырды, біз де сол талап аясында әрекет етіп отырмыз. 639 адамның жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін жағдай жасау  сапалы мемлекеттік қызметтің бір бөлігі», – деді Азамат Қасым. 

Десе де, қоғам тарапынан қойылып жатқан сұрақтар орынды. Абай облысы – әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен өңірлердің бірі. Мұнда жол, ауыз су, мектеп пен аурухана мәселесі әлі де шешімін күтіп тұр. Осындай кезде жиһазға бөлінген қаржы көпшіліктің наразылығын туғызуы табиғи құбылыс. Халық шенеуніктің креслосынан бұрын, ауылдағы ауыз суға алаңдайды. Әкімнің кеңсесі емес, баласының мектебі жөнделсе дейді.

 

Барлық жаңалық