2025 жылдың жеті айында елімізге құйылған инвестиция көлемі 9,9 триллион теңгеге жетті. Бұл былтырғы көрсеткіштен шамамен 16%-ға көп. Өткен жылы дәл осы кезеңде 8,3 триллион теңге тартылған еді, деп жазады Ozgeris.info.
Инвестицияның ең көп бөлігі тау-кен саласына кеткен. Яғни жер қойнауын қазу, пайдалы қазбаларды өндіру негізгі бағыт болып тұр. Бұдан бөлек ақша мынадай салаларға да салынған: құрылыс пен жылжымайтын мүлік, көлік пен қоймалау, білім беру, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтер.
Мысалға, Алматы облысының өзінде жыл соңына дейін құны 1,3 триллион теңге болатын 35 ірі жоба іске асады деп жоспарланған. Бұл аймаққа да жаңа жұмыс орындары мен өндіріс келеді деген сөз.
Ал кеше ғана, 27 тамызда өткен Қазақстан-Иордания бизнес форумында шетелдік кәсіпкерлер де қызығушылық танытты. Мәселен, Иорданиядағы ірі Al Husseini Group компаниясы Қазақстанға 85 миллион доллар инвестиция салмақшы. Олар құс шаруашылығын дамытып, асыл тұқымды құстар өсіруге ниетті.