Бес жыл бұрын елордада жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған еді. Бұл бастама көптеген жас отбасына қаржы жинап, кейін өз баспанасын алуға жол ашты. Солардың бірі – 32 жастағы құрылысшы Асқар Зұлқарнаев пен жұбайы, дәрігер мамандығын таңдаған Айгүл.
Асқар мен Айгүл шаңырақ көтергеннен кейін 2019 жылы бағдарламаға құжат тапсырған. Нәтижесінде олар Уәлиханов көшесіндегі бір бөлмелі пәтерге қол жеткізген. Ай сайынғы жалдау ақысы бар болғаны 5600 теңге болған. Осылайша отбасы бірнеше жыл бойы үнемдеп, өз үйіне қажетті қаражатты жинақтай алды.
Биыл көктемде отбасы «Елорда жастары» бағдарламасы аясында 48 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтер сатып алды. Жаңа қоныс Бейбітшілік және келісім сарайы маңында орналасқан. Қазіргі заманға сай сәулеті бар үйдің жанында мектеп, балабақша, саябақ секілді барлық әлеуметтік нысандар бар.
«Бастысы – бұл біздің өз үйіміз. Үлкен ұлымыз 6 жаста, мектеп табалдырығын аттады, кенжеміз 1 жаста. Бұл орын біздің жанұямызға өте ыңғайлы» дейді Асқар.
Асқардың айтуынша, «Елорда жастары» бағдарламасы жастарға нақты мүмкіндік беріп отыр. Ипотека мөлшерлемесі – 5 %, алғашқы жарна – небәрі 10 %. Үйді алғашқы да, қайталама нарықтан да таңдауға болады.
«Басты шарт – Астанада тұрақты тіркеу болуы, соңғы 5 жылда тұрғын үйдің болмауы және табыстың талаптарға сәйкес келуі. Жастарға айтарым: бұл мүмкіндікті пайдаланып үлгеріңіздер. Егер қазір жалдамалы пәтерде тұрсаңыздар, алғашқы жарнаға ақша жинай беріңіздер» деп кеңес берді ол.