Қостанай облысының Қазанбасы стансасында күтпеген жағдай тіркелді. Мұнда бір әйел 35 жыл бойы кеңес одағының ескі төлқұжатымен өмір сүріп келгені белгілі болды, деп жазады Ozgeris.info.
Бұл туралы «Samruk-Kazyna Trust» қорының «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жобасының мамандары хабарлады. Әйел денсаулығы сыр берген соң дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Алайда медициналық мекемелер КСРО құжатымен қабылдаудан бас тартқан.
Жаңа құжаттарды өз бетімен рәсімдеуге тырысқанымен, еш нәтиже шықпапты. Осы сәтте пойыздың заңгері мен медиаторы көмекке кірісіп, тиісті органдарға ресми өтініш жолдады. Нәтижесінде архивтен деректер табылып, әйелге Қазақстан азаматының құжаты берілді.
Дәрігерлер тексеру барысында одан онкологиялық дертті анықтады. Енді ресми құжаттарының арқасында ол облыстық ауруханада ем қабылдайтын болады.