АҚШ-та атыс салдарынан белгілі консервативті саясаткер, блогер Чарли Кирк қаза тапты, деп жазады Ozgeris.info.
Қайғылы оқиға Юта штатындағы Utah Valley University университетінде өткен «American Comeback Tour» сапары кезінде болды. Жиналған үш мыңға жуық адамның көз алдында Киркке оқ атылып, ол мойын тұсынан жараланды. Ауруханаға жеткізілгенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Юта штатының қоғамдық қауіпсіздік департаменті оқтың жергілікті уақытпен 12:20 шамасында атылғанын хабарлады. Алдын ала мәліметтер бойынша, шабуылшы жақын маңдағы ғимараттың шатырынан оқ жаудырған. Федералдық тергеу бюросы күдіктінің ұсталғанын растады. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Чарли Кирк 1993 жылы Иллинойс штатында дүниеге келген. Ол АҚШ-тағы консервативті қозғалыстың белді өкілдерінің бірі болды. Turning Point USA ұйымын құруға атсалысып, жастар арасында еркін нарық, қаржылық жауапкершілік және мемлекеттің шектеулі араласуы идеяларын насихаттады. Оның ұйымы бүгінде елдегі 850-ден астам колледжде жұмыс істейді. Кирк әлеуметтік желілерде миллиондаған жазылушы жинап, подкаст жүргізіп, түрлі университеттерде жиі сөз сөйледі. Ол Украинаға әскери көмек беруге қарсы пікір білдіріп, иммиграция мен гендерлік саясатқа байланысты көзқарастарымен танымал болды.
Оның қызметі әсіресе Аризона штатында Республикалық партияның сайлаушыларына ықпал етті. Ол Ақ үйге жиі барып, Дональд Трамптың серіктесі ретінде Make America Great Again қозғалысына белсене қатысты. Биыл қаңтар айында Трамптың инаугурациясына қатысқан болатын.
Қаза тапқан саясаткерді еске алу шаралары АҚШ-тың бірнеше өңірінде өтті. Аризонада діни ұйымдар дұға оқып, Нью-Йорк Yankees командасы ойын алдында бір минут үнсіздік жариялады. Конгрессте де үнсіздік сәті ұйымдастырылды. Президент Дональд Трамп бүкіл ел бойынша жексенбіге дейін мемлекеттік жалауларды төмен түсіруге бұйрық берді.
«Ешкім жастарды Чарли секілді түсініп, оларға қамқор бола алған жоқ. Біз оны сүйдік һәм сүйіп өтеміз» деп жазды Трамп Truth Social парақшасында.
Бұрынғы президент Джо Байден де Кирктің отбасына көңіл айтып, АҚШ-та мұндай қанды оқиғаларды тоқтату қажеттігін атап өтті. Юта штатының губернаторы бұл оқиғаны саяси қылмыс деп бағалады.
Бұл қайғылы жағдай АҚШ-тағы саяси алауыздық пен қару қолдануға қатысты пікірталасты қайта жандандырды. Еске сала кетейік, өткен жылы Дональд Трамптың өзіне де қастандық жасалған болатын.