Сенбіге қараған түні, яғни 2 тамыз күні сағат 02:00 мен 06:00 аралығында Қазақстандағы бірнеше маңызды электронды қызметтер уақытша қолжетімсіз болады. Үзіліс жоспарлы техникалық жұмыстарға байланысты. Яғни, мамандар жүйелерді жаңартып, тұрақтылығын арттыру үшін арнайы жұмыс жүргізеді, деп жазады Ozgeris.info.
Бұл уақытта eGov.kz порталы мен оның мобильді қосымшасы, соның ішінде «Цифрлық құжаттар» бөлімі де уақытша істемейді. Сонымен қатар:
• e-Otinish және E-license порталдары,
• Ашық үкімет платформасы,
• Ұлттық куәландырушы орталықтың (ҰКО) сервистері,
• Электронды үкімет шлюзі арқылы банктер мен басқа да жүйелерге қосылған мемлекеттік қызметтер тоқтай тұрады.
Жүйелердің жұмысы бірнеше сағатқа тоқтаса да, ол кей азаматтардың құжат рәсімдеуіне немесе қандай да бір өтініш беруіне әсер етуі мүмкін. Сол себепті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ алдын ала ескерту жасап отыр. Егер дәл осы уақытта сізге қандай да бір цифрлық құжат, өтініш немесе мемлекеттік қызмет қажет болса, оны жұмыс басталғанға дейін шешіп қойған жөн.
Мамандар бұл жұмыстарды түнгі уақытқа бекер жоспарламаған. Көп адам электронды қызметтерді түнде пайдалана бермейтінін ескеріп, азаматтарға қолайсыздық тудырмас үшін осындай кесте жасалған. Бірақ, сақтықта қорлық жоқ: құжаттарды алдын ала рәсімдеп, қажет болса, қағаз нұсқасын дайындап қойған дұрыс.