OpenAI компаниясы 18 жасқа толмаған пайдаланушыларға жаңа шектеулер енгізетінін хабарлады. Бұл туралы компания бас директоры Сэм Альтман ресми блогында жазды.
Жаңа жүйе жасөспірімдерді мінез-құлқы арқылы анықтайды. Егер нақты жасын айта алмаса, жүйе қолданушыны жасөспірім деп есептеп, қауіпті тақырыптарға жол бермейді. Мәселен, суицид жайлы ақпарат берілмейді, мұндай мәтіндер жазылмайды.
Ал егер әңгіме барысында жасөспірімнің өміріне қауіп төндіретін белгілер байқалса, жүйе ата-анасына немесе қажет болса, тиісті органдарға хабар беруі мүмкін. Ересектер үшін ChatGPT қызметі өзгеріссіз қалады.
Альтманның айтуынша, OpenAI-дың басты мақсаты – ChatGPT-ді барлық жастағы адамдар үшін пайдалы әрі қауіпсіз ету.
«Кейбір елдерде жеке куәлікті сұрауға мәжбүр боламыз. Бұл құпиялылыққа әсер ететінін білеміз, бірақ балаларды қорғау үшін осындай ымыраға бардық», деді ол.