Қоғам

100 базарды жаңартуға 5,27 млрд теңге бөлінген

Жаһандық экономикадағы тұрақсыздыққа қарамастан, 2023 жылы Қазақстанда сауда саласы қарқынды дамып, бірқатар жетістікке жетті. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, елдегі сауданың өсу қарқыны 9,1%-ды құраған, ал салаға тартылған инвестиция көлемі 884,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 14,6%-ға артқан, деп жазады Ozgeris.info.

Ішкі тауар айналымы 69,6 трлн теңгеге жетіп, 14,1%-ға өскен. Оның ішінде көтерме сауда  47,2 трлн теңге, бөлшек сауда  22,4 трлн теңге көлемінде жүзеге асқан. Ал сыртқы сауда айналымы 141,4 млрд долларға жетіп, 1,6 млрд долларға артқан. Сауда балансының профициті 21,8 млрд долларға жетіп, 16%-ға ұлғайды. Шикізаттық емес экспорт та 10,7%-ға өсіп, 40,2 млрд долларды құрады.

«Бұл көрсеткіштер экономиканың нақты секторындағы белсенділікті және нарықтың тартымдылығын айғақтайды», деді министр Шаққалиев министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.

Экспортты ілгерілету – басты стратегиялық міндеттердің бірі. 2023 жылы «Экспорттық несие агенттігі туралы» заң қабылданып, қолдау құралдары кеңейтілді. Енді субсидиялау баламасы ретінде кепілдік беру, экспорт алдындағы қаржыландыру және сауда қаржыландыру құралдары іске қосылды.

Қазақстанның сыртқы нарықтарға бағытталған сауда байланыстары кеңейіп келеді. Қытай, ЕАЭО, ЕО, Орталық Азия және Таяу Шығыс елдері негізгі нарық ретінде анықталды. Сингапурмен қызмет пен инвестицияға еркін сауда келісімі, БАӘ және Иранмен толық форматты келісімдер жасалды.

«Отандық экспортты қолдау үшін 5 трансшекаралық хаб салынады. Бұл хабтар – инвестор тартудың және шикізаттық емес экспортты арттырудың маңызды инфрақұрылымы болады»,  деді министр.

Қытайдың Үрімші қаласында сауда өкілдігі, Дубайда Qazaq Trade House іске қосылды. Сонымен қатар, 10 елде сауда-экономикалық миссиялар ұйымдастырылған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ішкі нарықты қорғау мен отандық өндірушілерді қолдау шаралары да күшейтілуде. Тарифтік және тарифтік емес реттеу механизмдері енгізілді.

2023 жылы импорт пен экспортқа 20-ға жуық тыйым салу мен шектеу қойылды. Қытай, Үндістан және Украинадан келетін өнеркәсіптік тауарларға демпингке қарсы 6 шара ұзартылды.

«Ішкі нарықты қорғау – отандық кәсіпкерлікті қолдаудың басты тетігі. Бұл ретте техникалық реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау құралдары белсенді қолданылады»,  деді Арман Шаққалиев.

Министрліктің бастамасымен «Сапалы өнім» жобасы іске қосылып, 2000-нан астам өнім тексерілді. Оның ішінде 1,5 мыңнан астам тауардан таңбалау мен санитарлық талаптың бұзылуы анықталған. 392 кәсіп иесі әкімшілік жауапқа тартылды.

«Тұтынушыны сапасыз әрі қауіпті өнімнен қорғау – министрліктің басты назарында. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс нарықтағы тәртіпті күшейтуге әсер етеді», деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, енді ішкі сауда нысандарына мемлекеттік қолдау көрсетіле бастайды. Мақсат – сауда сөрелерінің кемінде 50%-ын отандық азық-түлікпен, ал кемінде 20%-ын азық-түлік емес тауарлармен толтыру. Бұл үшін сөре кеңістігін кеңейтуге берілетін несиелердің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланады.

2023 жылы 16 базар жаңғыртылған, ал 100 базарды жаңарту жоспарланып отыр. Осы мақсатта 5,27 млрд теңге бөлінген.

«Өнімді орналастыру кезінде тауарлық көршілік қағидатын сақтау қажет. Бұл тұтынушының таңдауын нақты әрі әділ етуге мүмкіндік береді»,  деді Арман Шаққалиев.

 

Барлық жаңалық