Көпбалалы отбасы сот арқылы бір бөлменің жеті адамға тар екенін дәлелдеді

Фото: pnzreg.ru

Қолданыстағы заңға сәйкес, әр адамға кемінде 15 шаршы метр тұрғын үй ауданы берілуі тиіс.

Ақтөбе облысында көпбалалы отбасы сот арқылы баспана кезегін қалпына келтірді. 

Сотта анықталғандай, көпбалалы отбасы бір бөлмеде жеті адам болып тұрады. Олардың кәмелетке толмаған бес баласы бар. Бөлменің ауданы бар болғаны 13,5 шаршы метрге тең, ас бөлмесі мен жеке дәретханасы жоқ. Жеті адам үшін тек ортақ жуынатын бөлме мен душ бар, оны олардан басқа 23 отбасы пайдаланады. Ал тұрғын үй санитариялық талаптарға сай келмейді. Балалардың үлкеніне ота жасалған, ал отбасының жалпы табысы күнкөріс деңгейінен төмен көрінеді.

2024 жылдың қыркүйегінде «көпбалалы отбасы» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу үшін кезекке тұруға өтініш берген. Алайда электрондық база арқылы талап қоюшының атына 13,5 шаршы метр аумақтағы бір бөлме тіркелгені анықталып, өтініші қабылданбаған.

«Заң бойынша, әр адамға кемінде 15 шаршы метр тұрғын үй ауданы берілуі қажет. Сот шешімімен жергілікті атқарушы органның тұрғын үй кезегіне тіркеуден бас тарту туралы шешімінің күші жойылып, талап қоюшыны көпбалалы отбасы ретінде тұрғын үйге мұқтаждар есебіне алу міндеттелді», — деп хабарлады облыстық сот.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.