«Өз елімде аш-жалаңаш қалғым келмейді»: Қазақстаннан халық жаппай безіп жатыр — зерттеу

Фото: ЖИ

Әлеуметтік желіде Қазақстанда өз болашағына алаңдайтын жастар мен еңбекке қабілетті халықтың жаппай елден безіп жатқаны туралы ақпарат тарады. Қазақстанға әрдайым жаны ашитын және көшуді ойламаған халық елдегі соңғы өзгерістерден кейін ойларын өзгертті. Барлығының айтатыны бір: ақылға қонымсыз заңдар, салық реформасы, айыппұлдар мен етек жайған жемқорлық. Ozgeris.info тілшісі бұл үрдістің себептері мен салдарын зерттеп көрді.

Almatyofficial әлеуметтік парақшасында халықтың жанайқайын жеткізген кәсіпкердің жазбасы пайда болды. Кәсіпкер Айнұр Сағадат Қазақстаннан көшу — жалғыз тиімді шешім екенін алға тартып, Канадаға кетуге бел байлағанын жазды.

Сауда кәсібімен айналысатын кәсіпкер барлық шағын кәсіп иелерінің атынан үкіметке хат жолдаған. Айтуынша, Қазақстандағы соңғы өзгерістерден соң кәсіп жүргізу қиындап кеткен.

«Басымызда несиелеріміз жетіп артылады, жанымызды қорқыныш билеп, ойымыз уайымға толды», — дейді кәсіпкер.

Жуырда ол күйеуімен ас үйде отырып, бизнестті толық жауып, басқа елге көшуді ойлаған. Себебі косылған құн салығы шегінің төмендеуі. Айтуынша енді оның кәсібі тығырыққа тірелді.

Миллиондаған шағын кәсіпкерлер автоматты түрде ҚҚС төлеушілер қатарына қосылып, қосымша салықтық ауыртпалыққа тап болады.

“Бұл бопсалау емес, амалсыздан қабылданған шешім. Біз үкіметтен ақша сұрап отырған жоқпыз, АСП талап етпейміз. Біз салықты адал төлеп, референдумдарда адал дауыс береміз. Ал бізге үйіп-төгіп берген уәделер қайда? Сіздер ҚҚС мөлшерін төмендетіп жатырсыздар, оның орнына ұсынатындарыңыз бар ма? Ел экономикасын аяққа тұрғызуға арналған ұзақ мерзімді жоспарларыңыз бар ма? Сіздерден не күтуге болады?”, – дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, өзі сияқты шағын кәсіп иелері үнемі елеусіз қалады. Үкімет кәсіпкерлердің жағдайын ойламайды да, керісінше, қолдамайтынын, тек қысым көрсететінін жеткізді.

Дәл осы себептерден, яғни биліктің мардымсыз шешімдері оны елден қашуға итермелеп отыр.

Кәсіпкер отбасымен бірге Канада елін таңдапты. Оның пікірінше, өз еліңде үшінші сортты адам болу төзгісіз болып барады.

«Біз осы елдің тірегіміз, орта тап өкіліне жатамыз. Алайда билік бізден тек талап еткенді ғана біледі. Бұл шектен шығу. Керісінше, біз елден ешнәрсе талап етпей, тек басқа елге көшіп кеткеніміз дұрыс сияқты. Канадада қарапайым жұмыс істесек те, уайымсыз өмір сүреміз. Біз шаршадық. Алдаудан, жалған үміттен, бос уәделерден шаршадық. Бұл әр қазақстандықтың жанайқайы», – деп түйіндеді ол.

Кәсіпкердің пікірі әділетті ме?

Статистикаға сүйенсек, былтыр елден 9 мыңнан астам адам көшіп кеткен. Алайда Қазақстанға көшіп келгендер саны әлдеқайда көп. 20 мыңнан астам адам қоныс аударған. Мәселен, Қытайдан 1,5 мыңға жуық адам көшіп келген. Моңғолиядан шамамен мың адам қоныс аударды. Қытайдан келген иммигранттардың жартысы Астана мен Алматыны таңдаған. Ал Моңғолиядан келгендер үшін ең танымал аймақ – Ақмола облысы. Бұл өңірге жалпы көшіп келгендердің 33 пайызы қоныстанған.

Соңғы жылдары Қазақстаннан әсіресе жастардың безуі сарапшылар мен мемлекеттік органдар арасында алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл мәселені толығырақ қарастыру үшін статистика және мамандардың пікірлерін талдап көрейік.

Соңғы 5 жылдағы статистика

 Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы Қазақстанға көшіп келгендер саны 2021 жылмен салыстырғанда 57,8%-ға артқан, ал кеткендер саны 25,1%-ға азайған. Негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдерімен жүзеге асырылады. Келгендердің 86,1%-ы осы елдерден, ал кеткендердің 83,3%-ы ТМД елдеріне қоныс аударған.
  • 2017 жыл: Қазақстаннан 37 700 адам кеткен, 12 600 адам келген; көші-қонның теріс сальдосы – 25 100 адам.
  • 2018 жыл: кеткендер саны 41 900 адамға жетті, келгендер – 12 300; теріс сальдо – 29 600 адам.
  • 2019 жыл: 45 200 адам елден шыққан, 11 400 адам көшіп келген; теріс сальдо – 33 800 адам.
  • 2020 жыл: COVID-19 пандемиясына байланысты көші-қон аздап бәсеңдеді: 29 100 адам кеткен, 8 700 адам келген; теріс сальдо – 20 400 адам.
  • 2021 жыл: көші-қон көрсеткіштері қайта жанданды: 30 000 адам көшіп кеткен, 9 200 адам келген; теріс сальдо – 20 800 адам.
Соңғы бес жылда Қазақстанда эмиграция тұрақты үрдісте орын алып жатыр. Әсіресе орыстілді халық арасында бұл көбірек байқалады. Халықтың елден кетуі көбінесе шетелден жақсы жұмыс табуға деген ұмтылыс. Сәйкесінше, басқа елде өмір сүру деңгейі де жоғары. Бұл нағыз экономикалық фактор.
Сонымен қатар, саяси және әлеуметтік мәселелер де негізгі себептердің бірі. Әсіресе, саяси тұақтылық пен еркіндікке ұмтылу. Ресми статистика мәліметтеріне сүйенсек, соңғы бес жылда Қазақстаннан шамамен 200 мың адам көшіп кеткен.
Елден кеткендер Ресей, Германия және Солтүстік Америка елдерін таңдайды екен. Сарапшылардың пікірінше, эмигранттардың басым бөлігі жоғары білікті мамандар мен еңбекке қабілетті жастар. Бұл елдің экономикалық әлеуетіне ұзақ мерзімді перспективада теріс әсер етуі мүмкін.
Әрине, билік бұл үрдіске бей-жай қарай алмайды. Сол себепті қандастарды елге тарту үшін түрлі шараларды қабылдап жатыр. Оған қарамастан көші-қон балансы теріс күйінде қалып отыр. Қандастарды елге тартып, кәсіп ашуға, еңбек етуге жағдай жасағанымен, ел ішіндегі өзгерістер елден кету процессіне тоқтау болмайды. Жастар мен кәсіпкерлердің жанайқайы оған дәлел.
Сарапшылар халықтың, әсіресе білікті мамандардың, кетуі елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтеді. Қазақстандық кәсіпкер және қоғам қайраткері Марат Толыбаевтың айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстаннан көшіп кетушілер саны келушілер санынан көп.
«Ол эмиграцияның үш негізгі себебін көрсетеді. Кеңестік кезеңде басталған еңбек көші-қоны процестерінің аяқталуы, экономикалық жағдайдың нашарлауы және жастардың жаңа мүмкіндіктерге, білім алуға және саяхаттауға ұмтылуы», — дейді сарапшы.
Толыбаевтың пікірінше, мәселе тек халықтың кетуінде ғана емес, сонымен қатар елге келушілер санының аздығында да жатыр.
Желі қолданушыларының көпшілігі елдегі саяси өзгерістерге көңілі толмайтындарын жеткізді. Екі жыл бұрын Норвегияға көшіп кеткен қазақстандық өмір сүру деңгейінің жоғары екенін айтып, ел үшін жүрегі ауыратынын жеткізді. Ал табысы тамағынан артылмайтын халық өз елінде аш-жалаңаш қалу дұрыс еместігін алға тартып отыр. Басқа елге көшіп, сол елдің экономикасына жұмыс жасап жатқан эмигранттар айппыұлдар мен бітпейтін заңдардан құтылғандарына риза.
«Қазақстаннан көшу еріккеннің ісі емес. Билік басқа амал қалдырмай отыр. Болашаққа деген сенім жоқ, адамдар өздеріне ыңғайлы ортаны іздейді».
«Өз халқы үшін жағдай жасау қиын ба? Неге халық, әсіресе жастар қиналуы керек?».
«Мәскеу маңындағы ауданға көштім. Экологиясы жақсы, азық-түлік бағасы 20-30 пайызға арзан. Алматыны тастап кету өте өкінішті әрине, бірақ басқа амалым жоқ».
«Мен де жеке кәсібімді жаптым. Енді елден көшуді ойлап жүрмін. Бір рет қана өмір сүреміз, сондықтан күнімді әзер көргім келмейді».
«Бұл елді құртқан — жемқорлық».
«Жастардың елден көшуі жақсы шешім. Жас кезіңде жағдайыңды ойлаған дұрыс. Біз 50-ге таяп қалдық, өмірімізді өткізіп алдық. Биліктің ертегісіне сеніп жүре бердік».
«Еңбекке қабілетті жастар елден кетіп, Қазақстанда тек депутаттар мен шенеуніктер қалады», — деп жазып жатыр халық.

Көріп отырғанымыздай, билікке көңілі толмайтындардың қарасы көп. Бұл пікірлердің бір бөлігі ғана. 5865 пікірдің барлығы бір ғана нәрсені көрсетеді. Жайлаған жемқорлық пен экономиканың құлдырауы жастардың өз елінде өсуіне, жақсы өмір сүруіне жағдай жасай алмай отыр.  Адамдар билікке кінә артып, амалсыздан елден кетіріп жатқанын жаппай жазуда.

Экономист Айдар Әлібаев тікелей эфирде қазақтардың елден жаппай кетуіне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, мемлекет ешқашан нақты кеткендердің санын жарияламайды. Шындығында елден 2-3 миллионға жуық халық кеткен. Тіпті бұл көрсеткіш 3 миллионға жуықтаған деп болжап отыр.

Экономист тәуелсіздік жылдары бірнеше “көшу толқыны” болғанын еске салды. 90-жылдардың басында орыстар, немістер, еврейлер, гректер елден кеткен. Кейін белгілі бір уақыт тұрақтылық байқалды. 90-жылдардың соңына қарай қазақ жерінен орыстардың көшуінің екінші толқыны басталды. Айдар Әлібаевтың айтуынша, Украинадағы соғыс басталған уақытта бұл үрдіс күрт тоқтап қалды. Ал мобилизация жарияланған кезде, керісінше, біздің елге ағылғандардың саны көбейді.

Сарапшының пікірінше, елден кетуге себеп жетерлік. Әсіресе елдің негізгі тірегі — жастардың кетуі үлкен мәселе. Көшкендердің көбі жоғары білімді, білікті мамандар. Әлібаевтың айтуынша, кейбірі шетелде өмір сүріп, жұмыс істесе де, Қазақстан азаматы болып қала береді. Бұл бір жағынан статистиканы бұзбауға мүмкіндік.

 

«Олардың басым бөлігі Ресейде, көпшілігі Еуропа мен Америкада тұрады, – деп атап өтті Айдар Әлібаев.

 

Экономист елден көшудің негізгі себептерін атап өтті.

«Қазақстан жемқорлықтан көз ашпайды. Экономиканың негізгі секторларындағы монополия, мемлекеттік аппараттың тиімсіздігі, тұрақсыздық, билік жүйесіндегі қайшылықтар, өмір сүру сапасының төмендеуі, білім беру деңгейінің құлдырауы және азаматтық қоғамның болмауы», — деді сарапшы.