- Жаңғақтар, тұқымдар, кептірілген жемістер – төмен гликемиялық тағамдар. Фундук, жержаңғақ, грек жаңғағы, бадам, күнбағыс және асқабақ тұқымдарының гликемиялық индексі (0-20) және гликемиялық жүктемесі өте төмен. Сондықтан олар қандағы қант құрамының күрт көтерілуіне және инсулин гормонының бөлінуіне әкелмейді. Сонымен қатар, жоғары гликемиялық индексі және жүктемесі бар тағамдармен бірге тұтынылғанда, олар осы өнімдерде бұл көрсеткіштің төмендеуіне ықпал етеді.
- Құрамында маңызды май қышқылдарының (омега-3 және омега-6) және бір қанықпаған май қышқылдарының (омега-9) көп мөлшері бар. Жаңғақтар, тұқымдар және кептірілген жемістер калория мен майға бай болғанымен, олар құрамындағы талшықтар, витаминдер, минералдар және фитонутриенттер арқасында салмақты бір қалыпта ұстауға және бақылауға көмектеседі. Бұл тағамдардағы майдың жоғары мөлшері майда еритін витаминдердің, минералдардың және антиоксиданттардың жақсы сіңуіне ықпал етеді. Шын мәнінде, адам денсаулығына теріс әсер ететін майлар -жануарлар майлары, өңделген және транс майлары болып табылады. Бұл зиянды майлардың орнына жаңғақтар, тұқымдар, кептірілген жемістер қоспасын жеу барлық жас топтарындағы адамдардың денсаулығына пайдалы және өмір сүру ұзақтығын арттырады.
- Құрамында жоғары сапалы өсімдік ақуызы бар. Бұл қоспалардың 100 граммында орта есеппен 10-25 грамм жоғары сапалы өсімдік ақуызы бар. Дәнді және бұршақ дақылдарымен бірге тұтынылған кезде адам организмі жоғары сапалы ақуыздың жеткілікті мөлшерін, сондай-ақ маңызды аминқышқылдарын алады. Бұл жағдайда тіпті жануар ақуызы қажет емес. Жаңғақтар, тұқымдар, кептірілген жемістер «аргинин» амин қышқылына бай. Аргинин қан тамырларын кеңейтетін азот оксидінің бөлінуіне ықпал етеді. Азот оксиді жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін азайтады, қан қысымын және қандағы холестерин деңгейін төмендетеді.
- Жаңғақтар, тұқымдар, кептірілген жемістер бұршақ дақылдары сияқты тағамдық талшықтарға бай болмаса да, жеткілікті мөлшерде талшықты қамтиды. Талшық ішектегі суды сіңіреді, нәжісті жұмсартады және іш қатудың алдын алады. Жаңғақтар, тұқымдар, кептірілген жемістер қоспасының 100 граммында орта есеппен бес-он грамм талшық бар.
- Витаминдер мен минералдардан басқа жаңғақтар, тұқымдар, кептірілген жемістерде темір көп, натрий аз. А, С және Д витаминдерінің мөлшері шектеулі. В12 дәруменінен басқа В және Е дәрумендерінің мөлшері айтарлықтай жоғары. Сондықтан бұл өнімдер терінің саулығына да көмектеседі.
- Қатерлі ісіктің даму қаупін азайтады. Жаңғақтардағы фитин қышқылы, полифенолдар және фитостеролдар сияқты антиоксиданттық заттар қатерлі ісіктің әртүрлі түрлерінің алдын алады. Ғылыми зерттеулерге сәйкес, бұл өнімдерде кездесетін аргинин мен селен ісіктердің дамуына жол бермейді. Әсіресе бадамда(миндаль) бар Е витамині антиоксиданттық әсерге ие.
Әйгерім ҚАНАТҚЫЗЫ.