«Біздің мәдени мұрамызды иемденіп алды»: Қазақтың ою-өрнектерін орыстар ұрлап алғаны рас па?

Фото: yaka.com.ru

Қазақ қоғамында Ресейлік Yakabrаnd.official брендіне қатысты шу болып жатыр. Ал аталмыш шу Қырғыз халқында бұрыннан талқыланып келеді. Желі қолданушылары мен қоғам белсенділерінің айтуынша, аталмыш бренд қазақ және қырғыз елдерінің мәдени мұрасын, ою-өрнектерін патенттеп алып, өзгелерге қолдануға рұқсат бермейді. Ал Қазақстан өзіне тиесілі мұрасын патендеп қана қоймай, тіпті пайдаланып отырғандарға қарсы әрекет жасай алмай отыр деген наразылық шаралары тарала бастады.

 

Threads желі қолданушысының жазуынша, аталмыш ою-өрнектері көптеген түркі халқында кездеседі.

«Мүмкін Yaka брендінің авторы бұл туралы білмеген болар. Қырғыздардың мәдени мұрасымен шабыттанып, өзінің авторлық жұмысы ретінде таныстырып отырған шығар деп ойладым. Бірақ бұл екі елге тиесілі мәдениетті қолданып қана қоймай, патенттеп алған. Қырғызстан кішкентай ел, олар маған не істей алады деп ойлаған болар. Алайда ол Қырғыздармен бірге Қазақстан мен Түркия елдерінің барын ұмытып кетті», — деп жазды ол. 

Айсалқын Айдар есімді желі қолданушысы да үнсіз қалмады.

«YAKA брендіне қатысты пікірімді білдіремін. Біздің мәдениетіміз, ұлттық нақыштағы киімдеріміз бен ою-өрнектеріміз — бұл жай ғана тренд емес, ол халқымыздың ғасырылар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан тарихы мен терең мағынасы бар құндылықтарымыз. 

Біздің мәдениетімізден хабары жоқ біреу келіп, оны жай ғана коммерциялық өнімге айналдыру құрмет көрсетуге жатпайды, бұл нағыз мәдение ұрлық. Әсіресе, ол ою-өрнектердің түп-тамырына үңіліп, тарихы жайлы айтуға ешқандай әрекет жасамады», — деп жазды ол.

Құрылғанына бір жыл болған брендтің негізін қалаушы Анна Обыденова былай дейді:

«2024 жылы 14 мамырда Қырғызстанға алғаш рет келгеніме тура бір жыл болды. Мен мұнда күйеуімнің тапсырмасымен екі күнге ғана келген едім, бірақ үш аптаға  қалып қойдым.  Бұл елдің атмосферасы ерекше, сондықтан ол туралы көбірек білгім келді. Қырғызстанда орыс тілі екінші ресми тіл болғандықтан, қарым-қатынаста еш қиындық туындаған жоқ. Өзімнің жеке киім брендін құру идеясы маған әрқашан тартымды болып көрінетін. Мен әдемі киімдерді жақсы көремін, маталар мен тігін сапасына мән беремін. Жастық шағымда сән журналдарынан үлгілер алып, өзіме киім тіккен кездерім болған. Бірақ “Мен мұны жасай аламын!” деген ой мені алғаш рет Қырғызстанда келді. Бұл елде негізінен маркетплейстер үшін жұмыс істейтін көптеген тігін өндірістері бар.  3 апта ішінде өндіріс туралы барлығын біліп шығып, Мәскеуге өз брендімді құру туралы нақты шешіммен оралдым. 10 күннен кейін қайтадан Бішкекке келіп, бәрі өздігінен реттеле бастағандай көрінді: мен дизайнермен таныстым, алғашқы орамалдар топтамасын жасадық, алғашқы жарнамалық түсірілім өтті, тіпті брендімізді Бішкекте өткен үлкен кинофестивальдің демеушісі болуға шақырды», — деп жазған негізін қалаушы ресми парақшасында. 

YAKA-ның Instagram парақшасында бұл ою-өрнектер түркі елінің мәдени мұрасы екені айтылмаған. Сондықтан желі қолданушылары біреудің мұрасын ұрлап алып, өзі ойлап тапқандай етіп көрсету қырғыз халқына деген құрметсіздік дейді.

«Сендер «бірегей» дүние ойлап тапқан жоқсыңдар. Қырғыз әйелдері ғасырлар бойы дамытып бүгінге жеткізген ою-өрнектер мен қолөнерін иемденіп алдыңдар. Ал сендер Қырғызстанның мәдениетін, халықтың еңбегін алып «өз брендім» деп атап отырсыңдар. Бұл шабыт емес, бұл ұрлық», — деп жазып жатыр халық. 

Біз аталмыш брендтің ресми сайтын зерттеп көрдік. Ұлттық нақыштағы киімдердің бағалары удай. Тағы бір қызығы, халықтың наразылығынан кейін бе, әлде расымен де солай ма, осындай мәтінге тап болдық:

«Yaka бренді Қырғыз Республикасының 100 жылдығына орай құрылды. YAKA мәдени мұраны сақтап, Орталық Азияның дәстүрлі ою-өрнектерін заманауи тенденциялармен үйлестіреді. Біз адамның өзіндік ерекшелігін айқындайтын өнімдер жасаймыз. Брендтің негізі ашық түстерден, дәстүрлі ою-өрнектер мен шығыс стилінен құралады», — делінген. 

Заң мен мамандар не дейді? 

2012 жылы БҰҰ-ның ЮНЕСКО шешімі бойынша Қырғызстанның шырдақ пен алакиізі қорғалуға тиіс мәдени мұра ретінде мойындалды.

ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі конвенциясы (2003ж.) мәдени мұраны сақтау және дамытуға бағытталған. Бұл конвенцияға сәйкес, материалдық емес мәдени мұра — белгілі бір халыққа немесе қауымдастыққа тиесілі ортақ құндылық, ол жеке меншік объектісі ретінде қарастырылмайды.

Заң бойынша ЮНЕСКО -ның мәдени мұрасы ретінде танылған нысандарды немесе элементтерді патенттеу мүмкін емес.

«Ұлттық ою-өрнектерді патенттеуге келетін болсақ, көптеген елдердің, соның ішінде Ресейдің заңнамасы жаңашылдығы жоқ, жалпыға белгілі объектілерді патенттеуге тыйым салады. Патент алу үшін өнертабыстың жаңашылдығы мен түпнұсқалығы болуы керек. Осылайша, дәстүрлі қырғыз ою-өрнектеріне алынған патент дауға түсіп, жарамсыз деп танылуы мүмкін.

Егер Мәдениет министрлігі тиісті шараларды қолданбаса, зияткерлік меншікке маманданған заңгерлерге жүгініп, патентке қарсылық білдіруге болады. Сонымен қатар, қоғамның наразылығы мен бұл мәселенің ауқымды талқылануы оң шешімге ықпал етуі мүмкін. Осылайша, бұл әрекеттер мәдени иемдену (апроприация) және Қырғызстанның материалдық емес мәдени мұрасына құқықтарды бұзу ретінде қарастырылуы мүмкін», — делінген заңгердің жазбасында.