Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқитын Фариза Фазыл жақында көптің таңдайын қақтырған жаңалықтың кейіпкеріне айналды. Оның эссесі әлемге әйгілі The New York Times басылымында жарияланды, деп жазады Ozgeris.info.
Бәрі де Open Letter Contest атты халықаралық байқаудан басталған. Он мыңға жуық үміткер қатысқан бұл бәйгеде тек он жеңімпаздың жұмысы таңдалып, Америкада жарық көретін беделді газетке шыққан. Сол үздік ондықтың ішінде – қазақ қызы Фаризаның да хаты бар.
Ол байқауға қазақ қоғамындағы қыздарға ат қою дәстүрі туралы жазған. Әдетте көп адам бұл тақырыпты аса мән бере қоймайды. Бірақ Фариза мұнда үлкен мағына жатқанын байқаған. Үлкендердің әңгімесінен, достарымен болған диалогтардан, тіпті әлеуметтік желідегі пікірлерден кейін бұл мәселе оны қатты ойландырған екен.
«Бұрынғы жеңімпаздардың жұмыстарын оқып шыққаннан кейін, мен де маңызды бір тақырыпты қозғағым келді. Қыз балаға қойылатын есім – жай ғана атау емес, ол оның болашағына әсер етуі мүмкін. Осы ой мені толғандырды», дейді өзі.
Байқау талабы бойынша, қатысушылар қоғамдағы маңызды мәселеге арнап біреуге немесе топқа бағытталған ашық хат жазуы керек. Яғни, хат тек ақпарат беріп қоймай, оқырманды тебірентіп, әрекетке итермелеуі қажет. Фаризаның жазғаны дәл сондай – жүрекке жететін, шынайы әрі ой саларлық дүние.
Айтпақшы, Фариза бұған дейін де талай халықаралық жобаларда көзге түсіп үлгерген. 2025 жылы өткен Infomatrix Asia байқауында екінші орын алса, Technovation Girls жобасында Қазақстан атынан жартылай финалға дейін жеткен.
Қызығы сол, ол шығармашылыққа бейім болса да, болашағын ғылыммен байланыстырып отыр. Нақтырақ айтқанда, биомедициналық инженериямен.
«Эссе жазу өз ойымды еркін жеткізудің бір жолы. Бірақ болашақта мен нақты іспен ғылыммен айналысып, пайдалы өзгерістер жасағым келеді», дейді ол.