Батыс Қазақстан облысында жаңа цемент зауытын салуды көздеген инвестор жергілікті билік тарапынан кедергілерге тап болды. Жағдайды тек прокуратураның араласуы арқылы реттеуге тура келді, деп жазады ozgeris.info сайты Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
«СпецСтройСервис» ЖШС 2022 жылдан бастап құны 75 миллиард теңгеге бағаланатын өндіріс орнын салу жобасын іске асырып келеді. Жоба іске қосылған жағдайда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Инвестиция тарту мақсатында компания қытайлық серіктестермен келіссөздер жүргізген.
Алайда жер теліміне қатысты өңірлік жер қатынастары басқармасымен дау туындады. Аталған басқарма компаниямен жасалған жерді жалға алу келісімшартын сот арқылы бұзуға тырысты. Бұл жер болашақ зауытқа қажетті шикізатты өндіруге арналған болатын.
Мәселенің ушығуына байланысты облыстық прокуратура араласып, барлық тараптарды жинаған отырыс өткізіп, шенеуніктерді сот талап-арызын кері қайтаруға көндірді. Алайда біраз уақыт өткен соң басқарма келісімді біржақты бұзып, өз әрекетін сотта қорғап шықты.
Бірақ прокуратура мұнымен келіспей, сот шешімін жоғары инстанцияда қайта қаратып, оның күшін жойғызды.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде инвестор Қытай тарапымен 100 миллион доллар көлемінде инвестициялық келісімге қол жеткізіп, зауыт құрылысы қайта жалғасты», — деп хабарлады прокуратура өкілдері.
Айта кетсек, бұл Қазақстанда қытайлық қаржыландырумен салынатын жалғыз цемент зауыты емес. Бұған дейін Алматы облысында да тарихи ескерткіштерге жақын маңда осындай нысанның бой көтеріп жатқаны туралы ақпарат тараған болатын.