🌐 Әлем

Данангтағы жанжалға Қазақстан азаматы қатысқан болуы мүмкін

Әлеуметтік желілерде Вьетнамның Дананг қаласында болған төбелестің видеосы қызу талқылануда. Бейнежазбада ақ жейде киген шетелдік азамат бірнеше адамға шабуыл жасағаны көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, жәбірленушілердің бірі есінен танып, құрысып қалған, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

 

Алғашында Reddit қолданушылары жейдедегі орыс тіліндегі жазуға қарап, ер адамды ресейлік деп ойлаған. Алайда кейінірек пікірлер арасында оның Қазақстан азаматы болуы мүмкін деген болжамдар айтыла бастады. Бұл нұсқа Вьетнамдағы қазақстандықтардың онлайн чаттарында да талқыланған. Қазіргі таңда видео Reddit-тен өшірілген.

 

Желіде тараған мәліметке сәйкес, оқиға түнгі үш шамасында 50decibel деп аталатын бардың жанында орын алған. Куәгерлер ер адамның ішімдік орны ішінде келушілердің біріне соққы беріп, кейін оны сыртқа шығармақ болғанда, көшеде тағы бірнеше адамға жұдырық ала жүгіргенін айтуда.

 

Қазірге дейін ер адамның нақты кім екені анықталмады. Дегенмен әлеуметтік желілерде оның муай-тай спортымен айналысатыны, өзіне тиесілі спорт залы мен мотоцикл жалға беру бизнесі бар екені айтылып жүр. Осы оқиғадан кейін Вьетнам билігінің елдегі шетелдіктердің құжаттарын тексеруді күшейткені туралы да хабар тарады.

 

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұл оқиғаға қатысты Вьетнам тарапынан ешқандай ресми ақпарат түспеген.

Барлық жаңалық