💰 Экономика

Бензин бағасы қалай өзгерді? Қаңтар оқиғасынан кейінгі жанармай нарығына шолу

Бензин бағасы қалай өзгерді? Қаңтар оқиғасынан кейінгі жанармай нарығына шолу

2025 жылдың басында бензин нарығы еркін айналымға шықты, мемлекеттік шектеу жойылды. Енді жанармайдың бағасы сұраныс пен ұсынысқа қарай анықталады. Министрлік қымбаттауға жол бермейміз деп уәде еткеніне қарамастан, сәуірде бензиннің бағасы айына 0,4%-ға, ал бір жылда 2,2%-ға өскен. Мамырда бензин мен дизельге қосылатын салық та көбейді. Соның салдарынан жанармай бағасы көтерме де, бөлшек саудада да өсе бастады. 

Жалпы жанар-жағармай нарығы туралы көп айтылған. Қаңтар оқиғасына дейін нарықтың негізгі ойыншылары бұрынғы президенттің отбасы мүшелері немесе оларға жақын адамдар болатын. Биыл қанды оқиғадан үш жыл өтті. Мұнай нарығында бірқатар өзгерістер орын алды. Қазір ірі мұнай өңдеу зауыттары кімге тиесілі? Өзгерістер бензин бағасына қалай әсер етті? Осы сұрақтарға Ozgeris.info тілшісі сарапшылардың пікірін негізге алып жауап іздеп көрді. 

Мұнай өңдеу зауыттары кімге тиесілі?

Қазақстанда үш ірі мұнай өңдеу зауыты бар. Үшеуі де мемлекетке тиесілі. Олар “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы мен оның серіктестері арқылы басқарылады. Алайда, биыл «ҚазМұнайГаз» Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарындағы 50% акциясын жеке компанияларға өткізуі мүмкін. 

Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ)

         •        1945 жылы құрылған.

         •        99% акциясы – “ҚазМұнайГазға” тиесілі.

         •        2015 жылдан бері 759 млрд теңге салық төлеген.

         •        Мемлекеттік келісімшарттар көлемі – 995 млрд теңгеден астам.

         •       2025 жылдың наурызында зауыттың 50% акциясын жекеге беру жоспары жарияланды.

Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ)

         •        1978 жылы ашылған, негізінен Ресей мұнайын өңдеуге бейімделген.

         •        100% “ҚазМұнайГазға” тиесілі.

         •        2015 жылдан бері – 749 млрд теңге салық.

         •        Мемлекеттік келісімшарттар – 694 млрд теңге.

         •        50% үлесін жеке инвесторларға сату жоспарда тұр.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты (PetroKazakhstan)

         •        “ҚазМұнайГаз” бен Қытайдың CNPC компаниясының бірлескен жобасы.

         •        883 млрд теңге салық төлеген.

         •        2005 жылдан бері CNPC бақылауында.

         •        Соңғы үш жылда меншік құрылымы өзгермеген.

Мұнай жеткізушілер: монополия мен жаңа ойыншылар

Бәсекелестікті қорғау агенттігі мұнай нарығындағы монополиялық жағдайды бірнеше рет сынға алған. Бұрын негізгі ойыншылар қатарында Тимур Қулибаев пен Данияр Әбілғазинмен байланысы бар компаниялар болатын. 2022 жылдың шілдесінде олардың «Petrosun» компаниясындағы үлесі мемлекетке өтті.

«Petrosun» ішкі нарықтағы мұнайдың 80%-ын жеткізіп, 2021 жылы дизельдің 40%-ын арнайы инфрақұрылымы жоқ делдалдарға сатқан. Қаңтар оқиғаларынан кейін компания 875 млн теңге айыппұл төледі. Қазір оның орнына CNPC мен СЗМ бақылауындағы «KC Energy Group» атты жаңа оператор келді.

Бөлшек нарық: Қазақстанды кім жанармаймен қамтамасыз етіп отыр?

Бөлшек жанармай нарығында бәсеке бар сияқты көрінеді. Десе де негізгі ойыншылар сол қалпында қалған. Бәсекелестікті қорғау агенттігінің дерегі бойынша, нарықтың жартысынан көбі алты ірі компанияның қолында. Соңғы үш жылда нарыққа «Compass» атты бір ғана жаңа ойыншы қосылған. 

1. PetroRetail (KazakhOil бренді)

         •        2018 жылдан бастап – 54 млрд теңге салық.

         •        Мемлекеттік келісімшарттар – 138 млрд теңге.

         •        Құрылтайшылары: Тимур Құлыбаев, Рауан Сағдиева, Данияр Әбілғазин, Бауржан Тойбазаров және басқалар.

         •        Бұрын «ҚазМұнайГазға» тиесілі болған, 2019 жылы 60,5 млрд теңгеге сатылған.

2. Glus желісі

         •        Салық: 46,5 млрд теңге.

         •        Мемлекеттік келісімшарттар: 42 млрд теңге.

         •        Иесі – кәсіпкер Рашит Сәрсеновтың жұбайы Анжела Сәрсенова.

         •        Соңғы үш жылда құрылтайшылар өзгермеген.

3. SOSIL желісі

         •        Салық: 48,6 млрд теңге.

         •        Келісімшарттар: 45,5 млрд теңге.

         •        Иелері: Данияр Әбілғазин, Диас Сүлейменов, Адол Ескендіров, CNPC мен PetroChina (Қытай).

4. Royal Petrol

         •        Салық: шамамен 10 млрд теңге.

         •        Келісімшарттар: 24,5 млрд теңге.

         •        Иесі – белгілі кәсіпкер Бекен Жанабаев.

5. Газпромнефть Қазақстан

         •        Салық: 60,5 млрд теңге.

         •        Келісімшарттар: 557 млн теңге.

         •        Иесі – Ресейлік «Газпромнефть».

         •        2022 жылға дейін компания директорлар кеңесінде Тимур Қулибев болған.

6. Автогаз Trade (Gazery бренді)

         •        Салық: 12 млрд теңге.

         •        Келісімшарттар: 7 млрд теңге.

         •        Құрылтайшылары – Тимур Қулибаев, Данияр Әбілғазин, Раушан Сағдиева және басқалар. 

7. Compass желісі (жаңа ойыншы)

         •        Салық: 9,3 млрд теңге.

         •        Келісімшарттар: 60 млн теңге.

         •        Иелері: Еркін Татишев, Канад Қобаев, Дәулет Нұржанов және т.б.

         •        Сингапурдегі халықаралық Kusto Group-пен байланысты.

Жанармай нарығын жаңғырту және ашықтық орнату туралы жиі айтылды. Тіпті монополияны жоямыз деген уәделер де берілген. Шындығында, нақты өзгерістер орын алмады. Негізгі активтер бұрынғыша мемлекет пен өзара байланысы бар ықпалды кәсіпкерлердің бақылауында қалып отыр. 

Барлық жаңалық