Қоғам жаңарып заман талабы өзгеріске ұшыраса да, қазақ әдебиетінің жұлдызы жарық. Өзгеше серпінмен, жаңа леппен дамып жатқан әдебиетіміздің ертеңі қандай болмақ? Оқырман өзі іздеп оқитын кітаптар неге саусақпен санарлық?
Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасын» , Мұхтар Мағауиннің «Мен», Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» шығармаларын оқымаған қазақ кем де кем. Ал Тәуелсіздік тудырған есімдерді қаншалықты білеміз? Олардың шығармашылығы қалай дамуда?
Әлеуметтік желілер мен кәнігі әдеби орталарда «жастар мен өскелең ұрпақ үшін төл тарихымыз бен әдебиетіміздің маңызы жоғары болуы керек» деген сияқты әр алуан пікірлер жиі айтылады.
«Қазіргі қазақ әдебиеті өте жоғарғы қарқында дамуда» дейді жас ақын, Қаламгер порталының редакторының орынбасары Дәурен Тілеухан.
Ақын бұған себеп болатын бірқатар факторларды атап өтіп, соның бірі шығармашылық буын арасындағы жиілік екенін айтты.
«Әдебиетте бұрынғыдай 60-80 жылдар деп арадағы 20 жылды бір буынға санай алмаймыз. Себебі 1996-1998 жылғы ақын-жазушылар бір лек, бір буынға айналуда. Ал жаңа толқындағы жастардың күн санап көбейіп, әдебиет әлемін құнды шығармаларымен байыта түсуі де көңіл көншітерлік жаңалық» –, дейді ол.
Расымен де, қазақ әдебиетінде жастар көп.
Олардың әрқайсысы өзінше бағытта дамып, биікке қанат қағуда. Десе де, бұл ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеті шарықтау шыңға шықты дегенді білдірмейді. Әдебиетке енді қадам басқан жастар мен аға буындардың арасы қандай алшақ болса, оқырман мен қаламгерлердің де арасы сондай алыс. Қазақ тілді кітаптар саны жетерлік. Бірақ сан мен сапа теңескенде ғана өзгеше бірегейлік қалыптасады.
Әйтсе де, сапалы шығармаларды іздеп тауып, құнды кітаптарды сатып алып оқитын түсінік біздің қоғамда жеткілікті түрде қалыптаса қоймаған. Сондай-ақ, Дәурен Тілеухан бұл мәселеге қатысты пікірінде қазіргі кездегі ақпараттық қоғамның ықпалының зор екенін атап өтті:
— Әдебиеттегі ең үлкен кедергі – ақпараттық қоғам. Ол әдебиеттің орнын ауыстырып бара жатыр. Себебі әлеуметтік желі дамыған сайын кітап оқитын адамдар азаюда. Бізде басқа мемлекеттердегідей интернет-поэзия сияқты ғаламтордың жақсылығын пайдаланатын жобалар жоқтың қасы.
Әрине, бұл пікірмен келіспеуге де болады. Дегенмен, жақсы жазылған туындылардың оқырманнан өз бағасын ала алмай қалуының басты себебі де осы болуы мүмкін.
Тиісінше оқырманның аздығынан қазақ тілінде жазылған кітаптардың сатылым деңгейі де төмен. Жазушының жазғаны оқырманға жете алмай жатса, сайып келгенде тек әдебиеттің емес, тіл мәселесінің де күрделене түсуіне әкеледі.
Осыған байланысты елімізде қазақ тілді аудиторияға арналған кітап оқитын платформалар көбеюде. Солардың ішінде көпшілікке танымалы 100 мың пайдаланушысы бар KITAP.KZ мобильді қосымшасы.
Бес мыңнан астам кітап пен бес жүздей автордың шығармашылығын қамтитын бұл платформаны пайдалану қолжетімді.
Сондай-ақ қосымшада аудиокітаптардың қоры да бар. Бұл қазіргі кезеңдегі қазақ әдебиетінің замана ағысымен, көштен қалмай келе жатқанының жарқын көрінісі деп есептейміз.
Әдеби әлемге аяқ басқан әр қаламгердің өз соқпағы мен өз сүрлеуі болады. Бірі сол жолды даңғылға айналдырады. Бірі бұралаңы көп жолдан шатқаяқтап кетеді. Не де болса, оқырманға жол тартқан әр шығарма сана биігінде толғануға мүмкіндік берердей сапалы болса, қазақ әдебиетінің келешегі кемел болады деп есептейміз.Әдебиет тек жақсы жазылған туындылармен ғана емес, ойлы оқырманының көптігімен де дамиды. Жазған шығармасының оқырман үшін маңызын көрген әр қаламгер шалқар шабытқа кенеліп, өзінің әдебиет әлемінде қайталанбас қолтаңбасын қалдырады.
Осы орайда, еліміз жас жазушылар мен ақындарға барынша қолдау көрсетуде. Бұл кешегі төл тарихымызда аты алтын әріппен ойылып жазылған қаламгерлердің ізін жалғастырушы бүгінгі буынның болашаққа дұрыс қанат қағуына септігін тигізеді деген пікірдеміз.
Батталова Мақпал Рахатқызы
ПІКІР ЖАЗУ