5 жасар Жасминнің анасы, Атырау тұрғыны Айгерім Хамидуллина, қызыныӊ өліміне кінәлі дәрігерлерді жауапқа тартуды сұрап, мемлекет басшысына жүгінді.
Айгерімнің айтуынша, 2 ақпанда Жасминнің денсаулығы күрт нашарлап, жедел жәрдеммен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлердің қарсылығына қарамастан, ол реанимация бөліміне кіріп, қызының көз алдында жан тапсырғанын айтады.
«Мен дәрігерлердің сылбырлығын және сенімсіздігін өз көзіммен көрдім. Оның үстіне, оттегі беру аппараты істемей тұрды, бірақ қызымның аузына өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) түтігі салынған еді. Дәрігерлерді адреналин салуға да көндіруге тура келді, – дейді Айгерім. – Жүрегі тоқтағаннан кейін олар дефибрилляторды да пайдаланған жоқ. Жасминнің өмір үшін күрескенін көрдім. Егер ӨЖЖ дұрыс жұмыс істегенде, егер дәрігерлер уақытында әрекет еткенде, қызым аман қалар еді. Бірақ олар өз міндеттерін орындай алмады».
Президентке жасалған үндеуден кейін Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы ресми мәлімдеме таратты:
«2025 жылғы 2 ақпанда сағат 20:05-те 2019 жылы туған науқас Н.Ж. жедел жәрдем көлігімен Атырау облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Бала құсу, жүрек айну, тәбеттің төмендеуі және әлсіздік белгілерімен түскен. Дежурлік дәрігерлер науқастың жағдайын бағалап, тиісті зертханалық талдаулар жүргізді. Кешенді медициналық көмек көрсету мақсатында педиатр шақырылып, бала педиатрия бөлімінің қарқынды терапия палатасына жатқызылды, онда инфузиялық терапия жүргізілді».
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, түнде науқастың жағдайы күрт нашарлап, дежурлік дәрігерлер шұғыл реанимациялық шаралар қолданған.
«Қажетті медициналық көмектің барлығы толық көлемде көрсетілді. Алайда 3 ақпан күні сағат 00:40-та биологиялық өлім тіркелді. Бала ауыр созылмалы аурумен ауырып, бұған дейін бірнеше рет республикалық клиникаларда емделген. Зерттеу нәтижелері бойынша, аурудың терминалды сатыға жеткені анықталған. Дәрігерлер баланың өмірін сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдады. Қайғыра көңіл айтамыз», – делінген хабарламада.
Дегенмен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі дәрігерлердің әрекеттерін тексеру үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
ПІКІР ЖАЗУ