Үндістанда соңғы онжылдықтағы ең ірі әуе апатының алдын ала себептері жарияланды. The Times of India басылымының Авиациялық оқиғаларды тергеу бюросына (AAIB) сілтеме жасап хабарлауынша, Air India 171 рейсінің апатына жанармай берудің кенеттен тоқтауы себеп болған, деп жазады ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
12 маусым күні Ахмадабад қаласында ұшқаннан кейін небәрі 29 секунд өткен соң Boeing 787-8 Dreamliner ұшағы апатқа ұшыраған. Әуе кемесі Лондонға бағыт алған еді. Апат салдарынан 260 адам қаза тапты, оның ішінде 19-ы жерде болғандар. Тірі қалған — бір ғана жолаушы.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ұшақ көтеріле бастағанда қозғалтқыштар тарту күшін жоғалтқан. Жанармай беру тетіктері «RUN» режимінен «CUTOFF» режиміне ауысып кеткен. Бір ұшқыш әріптесінен: «Неліктен жанармайды өшірдің?» деп сұрағанда, ол мұндай әрекет жасамағанын айтқан. Қозғалтқыштарды қайта іске қосуға тырысқанымен, биіктік пен уақыт жетіспеген.
Мамандар бұл тетіктердің кездейсоқ қосылудан қорғалғанын, оларды тек әдейі немесе техникалық ақау салдарынан ғана өзгертуге болатынын айтады. Тергеу жұмыстары әлі жалғасуда, нақты қорытындылар кейін жарияланады.