Қазақстанның 2026 жылы өтетін «Евровидение» байқауына шақырылуы мүмкін деген ақпарат желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр. Ел бұған дейін байқаудың тек балалар нұсқасына ғана қатысқан деп хабарлайды ozgeris.info сайты Курсив Lifestyle сайтына сілтеме жасап.
Талқылау шетелдік басылымдарда жарияланған жаңалықтар мен «Хабар» телеарнасының басшысы Кемелбек Ойшыбаевтың жазбасынан кейін басталды. Ол Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) Бас ассамблеясына қатысып, Қазақстанмен ықтимал ынтымақтастықты талқылағанын айтты.
«EBU бас директоры Ноэль Курранмен Қазақстанның байқауға қатысуы туралы сөйлестік. Аргументтер ретінде география, балалар Евровидениесіне қатысуымыз және ЕО-мен мәдени байланыс ұсынылды. Курран бұл мәселені келесі отырыста қарауға уәде берді», – деді Ойшыбаев.
EBU әзірге тек бұл мүмкіндікті талқылауға дайын екенін білдірген. Сондықтан Қазақстанның нақты қатысатыны жайлы айтуға әлі ерте.