SMARTNEWS.KZ хабарлауынша, Павлодар қаласындағы “Bellagio” мейрамханасында тамақтанғаннан кейін бірнеше адам уланған. Аталған оқиға бойынша санитарлық талаптарды бұзу дерегі тіркеліп, мекемеге қатысты іс қозғалды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Павлодар қалалық әкімшілік сотының мәліметіне сәйкес, 8 маусымда жедел жәрдем қызметі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жаппай улану туралы хабарлаған. Сол күні эпидемиологиялық тексеріс басталып, зертханалық сынамалар алынған.
Тексеру нәтижесінде мейрамхананың қажетті рұқсатсыз жұмыс істегені және оған 9 маусымда ресми түрде қызметін тоқтату туралы бұйрық берілгеніне қарамастан, жұмысты жалғастырғаны анықталған. Соның салдарынан 18 адам жедел ішек инфекциясымен тіркелген.
Сот барысында мейрамхана иесі Ж. өз кінәсін толық мойындап, бұл жағдайдың алғаш рет және абайсыздық салдарынан болғанын алға тартты.
Сот шешімімен кәсіпкер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 462-бабы 3-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылып, оған 275 240 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, “Bellagio” мейрамханасының қызметі 1 айға тоқтатылды.