Қазақстанда халықаралық жүргізуші куәлігін жеке ұйымдар арқылы алу – заңсыз. Полиция ресми түрде мәлімдеме жасап, азаматтарды күмәнді туристік агенттіктер мен жеке компаниялардың алдауына түспеуге шақырды деп хабарлайды ozgeris.info сайты Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Мұндай ұйымдар беретін құжаттардың ешқандай заңдық күші жоқ, ал олар арқылы берілген «куәліктер» шетелде жарамсыз деп танылады. Құқық қорғау органдары алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін тек ресми ақпарат көздеріне жүгінуге кеңес береді.
Айта кетейік, Қазақстанда жүргізуші куәлігі халықаралық стандарттарға сай және 1994 жылы Қазақстан қол қойған Вена жол қозғалысы туралы конвенция аясында жарамды болып есептеледі. Бұл құжат 180-нен астам елде заңды күшке ие.
Сол себепті қазақстандықтарға шетелде көлік жүргізу үшін қосымша халықаралық куәлік алудың қажеті жоқ. Ресми жүргізуші куәлігі мен оның нотариалды расталған аудармасы жеткілікті болуы мүмкін — бұл талапты әр елдің өз ережелері анықтайды.
Полиция жүргізушілерді абай болуға шақырып, интернеттегі жалған қызметтерге алданып қалмауға үндейді.