Интернет өшіп қалды ма? Байланыс ұстамай тұр ма? Енді мұндай жағдайлар сізге кедергі болмайды. Twitter-дің негізін қалаушылардың бірі Джек Дарси интернетсіз жұмыс істейтін мүлде жаңа форматтағы мессенджерді іске қосты. Оның атауы Bitchat, деп жазады Ozgeris.info.
Бұл қосымша кәдімгі WhatsApp немесе Telegram сияқты мессенджерлерден өзгеше. Bitchat интернетке немесе ұялы байланысқа тәуелді емес. Ол mesh-желі технологиясын қолданады. Яғни смартфондар бір-бірімен Bluetooth арқылы тікелей байланысады. Осылайша, дәл жаныңыздағы адамға ғана емес, бірнеше жүз метр радиустағы қолданушыларға да хабарлама жіберуге болады.
Мұндай байланыс әсіресе төмендегідей жағдайларда өте тиімді:
• концерттер мен спорттық іс-шараларда;
• митинг, шеру кезінде;
• табиғи апат болған сәттерде;
• шалғай ауылдарда немесе байланыс нашар аймақтарда;
• интернет бұғатталған немесе мүлде болмаған кезде.
Bitchat-тың тағы бір артықшылығы тіркелу қажет емес. Қолданушыдан телефон нөмірі де, электронды пошта да сұралмайды. Барлық чаттар шифрланып, тек құрылғының ішінде сақталады. Ал егер адам байланыс аймағынан алыстап кетсе, оның хабары кейін жақын маңдағы қолданушыға қосылған сәтте жеткізіледі.
Қазіргі уақытта Bitchat iOS платформасында сынақ режимінде ғана қолжетімді. Алайда әзірлеушілер жақын арада Android нұсқасын және Wi-Fi Direct арқылы жұмыс істейтін түрін де ұсынуды жоспарлап отыр.