Жаңалықтар

Жасөспірімнен 20 миллион теңге бопсалағандар 10 жылға сотталды

Астана қаласында кәмелетке толмаған оқушыдан 20 миллион теңге талап еткен қылмыстық топтың төрт мүшесі сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы қалалық прокуратура ресми мәлімдеді, деп жазады Ozgeris.info.

Тергеу деректеріне сүйенсек, сотталғандар жәбірленуші туралы толық ақпаратты алдын ала жинаған. Олар баланың шетелде білім алуға дайындалып жатқанын, отбасында қаржы бар екенін біліп, өзара сөз байласқан. Содан кейін жоспарлы түрде қысым көрсету әрекеттерін бастаған. Қылмыстық топ жасөспірімге бірнеше мәрте хабарласып, қорқытып, қару көрсеткен. Осындай күш қолдану арқылы олар 4 миллион теңге алып үлгерген. Кейін тағы 100 мың теңге талап еткен сәтінде құқық қорғау органдарының қолына түсті. Тергеу барысында қалған екі күдікті де ұсталып, топ толығымен әшкереленді. Сот үкімімен төрт адамның барлығы Қылмыстық кодекстің 194-бабы бойынша («Қорқытып алу») кінәлі деп танылды. Нәтижесінде, төртеуі де 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушіге келтірілген 4 миллион теңге көлеміндегі шығын толығымен өтеліп, қосымша 2 миллион теңге моральдық өтемақы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді.    
Барлық жаңалық