2025 жылдың ең талқыланған және әлі де қоғамдық пікірталастар тудырып келген маңызды бастаманың бірі – қосымша құн салығын өсіру. Қоғам бұл бастаманы бірден қабылдамады. Бизнес өкілдері, қарапайым халық, тіпті Парламенттің өзі де алаңдаушылық білдірді. Президенттің бизнесмендермен кездесуінде бұл мәселе ашық көтеріліп, мемлекет басшысы үкіметке мұндай бастамаларды депутаттар мен сарапшылармен кеңесе отырып қабылдау қажеттігін қадап айтты.
Алайда дәл осы жағдай Қазақстанда мемлекеттік шешімдер қалай қабылданып жатқанына қатысты маңызды сұрақтар туындатып отыр. Себебі 6 трлн теңгені қайта бөлуді көздейтін осындай ірі өзгеріс жұрттың талқысына салынбай, қабылданбауы тиіс дейді сарапшылар.
Қазақстанда халықтың өміріне тікелей әсер ететін реформалар эксперттік кеңестерде, Парламентте, кәсіпкерлік ұйымдарда талқыланып, жұртшылықтың пікірі ескеріледі. Қарсы және қолдаушы аргументтер сараланып, кем дегенде формалды да болса ашықтық сақталады. Алайда ҚҚС мәселесі қысқа уақытта үкімет деңгейінде бекітіле жаздады, алайда билік халықтың пікірі маңызды екенін дер кезінде түсінді дейді сарапшылар.
Қазіргі экономикалық жүйеден кім ұтады, кім ұтылады?
Банктер әрқашан жеңеді. Статистика бойынша соңғы бес жылда банктердің таза пайдасы үш есе өскен. Кредиттердің 60%-дан астамы халыққа беріліп отыр, яғни халық банк табысының басты көзі.
«Адамдардың табысы аз. Халықтың қаржылық сауаты төмен, инфляция, банктердің цифрлық маркетингтегі агрессивті саясаты несиенің көптеп беріліп, банктердің қалтасын қампитып жатыр», — дейді экономист Рахым Ошақбаев.
Банктер өз экожүйелері мен маркетплейстері арқылы өзге салаларға да белсенді еніп жатыр. Бұған тосқауыл болатын және бәсекелестікті реттейтін құралдар жоқтың қасы.
Салықтан түскен қаржыға иелік ететін тағы бір жеңімпаз ол «түпкі мемлекет» дейді сарапшы. Яғни, бюджет пен квазимемлекеттік сектордың басқарушылары жыл сайын өсіп отырған қаражатты басқарып отыр. Республикалық бюджет көлемі тиімділігіне қарамастан артып келеді. Квазимемлекеттік сектордағы қорлар мен мекемелер де осындай.
«Соңғы 4 жылда мемлекеттік сатып алу көлемі бірнеше есе өсті. Десе де бұл дерек нақты тексеруді қажет етеді», — дейді маман.
ҚҚС-ты көтеріп, салықтық табысты кеңейту арқылы тағы 6 трлн теңгені басқару мүмкіндігі пайда болады. Бұл бюджетті 50%-ға арттырумен тең.
Нағыз тығырыққа тірелген шағын бизнес
Банктер шағын бизнесті қаржыландырғысы келмейді, бұл соңғы жылдары айқын көрініс тауып келеді. Неге? Себебі халыққа тұтынушылық несие беру әлдеқайда тиімді дейді экономист.
«2015 жылдан бері елімізде жүргізіліп келе жатқан «инфляциялық таргеттеу» саясаты бұған жағдай жасап отыр», — деді ол.
Нәтижесінде шағын кәсіпті қолдау тек шектеулі гранттар мен субсидиялар арқылы іске асып келеді. Ал бұл қаржыландыру тек шамамен 20 мың кәсіпкерге ғана жетеді.
Қарапайым халықтың жағдайы да ауыр дейді маман. Қазірдің өзінде 1,5 млн адам несиесін уақытылы төлей алмай отыр. Банктердің есептен шығаруы мен коллекторларға бергендерін ескерсек, бұл сан 2 млн-ға жуықтауы мүмкін.
Президент те бұл мәселеге назар аударды:
«Қатаң шараларға қарамастан тұтынушылық несиелеу көлемі өткен жылы 33%-ға өсті, проблемалық қарыз алушылар саны 1,5 млн-нан асты», — деген еді Тоқаев.
Сарапшылар бұл банктердің табысының өсуімен тікелей байланысты екенін айтады. Ал заң жүзінде өзіңді банкрот деп жариялау мүмкін болса да, іс жүзінде бұл механизм жұмыс істемейді. 10 мыңға жуықадам ғана өздерін банкрот деп жариялаған.
Бұл ретте Ozgeris.info тілшісі несие бойынша алаңдататын статистиканы назарларыңызға ұсынады. Халықтың банктердің алдындағы берешегі қауіпті межеге жақындап қалды. Әсіресе, бөліп төлеу қызметі бойынша.
Соңғы мәлімет бойынша, қазақтардың тек бір банкке 90 күннен асқан мерзімде қайтарылмаған қарызы 304,7 млрд теңгеге жеткен. Аталмыш банктің проблемалық қарыз портфелі (NPL 90+) соңғы бір жылда 41%-ға өскен.
Екінші орында халықтың уақытылы төленбеген қарыздары 299,5 млрд теңгені құрайды. Проблемалық несиелер көлемі бойынша үшінші орында 119,5 млрд теңге болса, кешіктірілген несие көлемі бойынша тағы бір берешек сомасы 88,4 млрд теңгеге жеткен.
Әлемжеліде банк секторы тұрақты, қазақтардың борыш жүктемесі қалыпты деңгейде деген пікірлерді жиі естиміз. Алайда статистика басқа көріністі көрсетіп тұр.
Шешім қабылдау жүйесі қалай болуы тиіс?
Ел басшысы үкіметке шынайы, ашық пікірталас алаңын құруды тапсырған еді. Ол жерде тек ірі лоббистер емес, шағын бизнес пен қоғамның шынайы өкілдері де болуы тиіс.
«Бұл – өте маңызды. Әйтпесе шешімдер тек мүдделі топтар үшін қабылдана береді. Ал мұндай жүйе қоғамның сенімін жояды, ал ол әлеуметтік шиеленісті күшейтеді», — дейді Рахым Ошақбаев.
Сондықтан бізге жаңа қоғамдық келісім керек. Салық кодексі осы келісімнің іргетасы. Реформалар қабылданар алдында қарапайым азаматтар мен шағын кәсіп өкілдерінің пікірлері ескерілуі тиіс.
«Жаңа қоғамдық келісімнің басты идеясы үміт болуы тиіс. Халық жарқын болашаққа сенуі керек», — дейді сарапшы.
Экономист халықтың үмітін оятар бірнеше болжамдарымен бөлісті.
Қазіргі таңда ҚҚС өсімі және тіркеу шегін төмендету мәселелері талқылану сатысында. Нақты шешімдер әлі қабылданған жоқ. Дегенмен қаржы сарапшылар мен кәсіпкерлер әлі де мәселені күн тәртібіне шығарып, талқылап келеді.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру