Дональд Трамп билікке келіп, екі айдың ішінде әлем елдерін астан-кестең етіп жатыр. Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан әлемдік саяси жүйені де өзгертуге тырысуда. Кеше әлемнің 180-нен астам еліне баж салығын салып тастады.
АҚШ билігі 2025 жылдың 9 сәуірінен бастап Қазақстаннан келетін барлық тауарларға 27% кедендік баж салығын енгізетінін ресми түрде мәлімдеді.
Жаңа тарифтік жүйе аясында Орталық Азияның өзге мемлекеттері — Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан — тек 10% көлемінде базалық салықпен шектеледі. Ал Қазақстан үшін тариф көрсеткіші екі есе жоғары болып отыр.
Ақ үйдің «X» парақшасында жарияланған кестеде Қазақстандағы америкалық тауарларға қойылған орташа кедендік және техникалық шектеулердің жалпы көрсеткіші 54% деп берілген.
Дональд Трамп бұл көрсеткіштің жартысын Қазақстан экспортына жауап ретінде қолдану керек деп есептейді — осылайша 27% салық пайда болды.
Ендеше, қандай тауарларға 27 пайыздық баж салығы салынады? Ozgeris.info тілшісі қаржы және саясаттанушы мамандардың пікірін зерделеп көрді.
«Трамп жақтан шыққан «жел»: денсаулыққа зияны жоқ, бірақ иісі жаман»
АҚШ президенті Дональд Трамп бүкіл әлеммен сауда соғысын бастады. Ол импортты баж салығын көтерген елдің қарасы көп, тіпті ешқашан АҚШ-пен сауда жасап көрмеген шағын аралдар да оның тізіміне кіріп кетті. Қазақстан да өзінің 27% сыбағасын алып, енді онымен не істейміз деп отыр.
«Негізі ештеңе істемейміз. Қазақстанға салынатын салықтан бізге ыстық та емес, суық та емес. Біз АҚШ-қа жіберетін 2 миллиард долларлық экспорттың 92 пайызы шикізат — уран, мұнай, ферроқорытпалар. Ал ол баж салығына ілінбейді», — дейді Айбар Олжаев.
Арнайы келісім бойынша салық режимі белгіленген тауардың бәріне салынады. Ал олардың экспорттағы үлесі 2024 жылы 95,2 миллион долларды құраған. Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 4,2 миллиард долларды құрайды. Соның 2,2 миллиарды импортталатын тауар. Ал 2 миллиарды экспорт. Демек, 95 миллион дегенің 5 пайызға да жетпейді.
2024 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы өсіп, біздің экспорт көлемі 30 пайызға ұлғайды. Бұл – жақсы көрсеткіш. Демек, жылдан-жылға мұхиттың арғы бетінен әкелетін тауарларымызға қарағанда, сататын дүниеміз көбейіп келеді деген сөз. Осыны жалғастыра беру керек деп кеңес берді қаржы маманы.
Салықтың жағымсыз тұсы да жоқ емес
Трамп шешімі әлем экономикасының өсуіне кедергі болып, өндіріс баяулап, соның кесірінен шикізатты тауарлы нарықтар құлай бастайды деген қатер бар. Сарапшылардың пікірінше, экспорттық бағыттар қайта қаралуы мүмкін. Кейбір кәсіпорындар АҚШ нарығынан кетіп, Еуропа, Қытай не Таяу Шығыс бағыттарына ауысуға мәжбүр болады.
«Ең басты қауіп — мұнай бағасының барреліне 65 доллардан төмен құлап кетуі. Бұл Ұлттық қор түсіміне үлкен соққы болады», — дейді экономист.
Сол Ұлттық қорымыз екінші бетіне де соққы алуы мүмкін. Жетекші биржалардың индекстері қызыл зонаға кіріп, ірі компаниялар акциялары арзандай бастайды деген күдік күшейіп келеді. Онда Ұлттық қордың акцияларда жатқан инвестпортфеліне қауіп төнеді. Бірақ дәл қазір жағымсыз коррекцияның нақты көлемін дәл болжау қиын.
Жоғарыда атап өткендей, Қазақстан 27 пайыз салыққа ілінді, кей елдерге 20, кейбіріне, 40, кейбіріне 50 пайыз тарифті енгізді. Тіпті адам тұрмайтын аралдарға да тариф салып тастады. Херд және Макдональд аралдары тізімде жүр. Бұл аралда адам тұрмайды. Антарктидаға жақын жатқан аймақ қой. Пингвин мен итбалықтар ғана бар. Бұл арал Аустралияға тиесілі, сол үшін тізімге қосылған сияқты.
«Трамптың енгізген тарифтері «өзара тариф» (reciprocal tariffs) қой. Жалпақ тілмен айтсақ, сендер бұрын біздің тауарымызға қанша тариф енгізсеңдер, енді біз сендердің тауарларыңа сонша пайыз тариф енгіземіз деген сөз. Бірақ біз екі есе жеңілдік жасаймыз дейді Трамп. Мысалы Қазақстанның бағанасында «54 пайыз» деп тұр, яғни бұл Қазақстан осыған дейін АҚШ-тың тауарына салған тариф көрсеткіші-мыс. Ал АҚШ біздің тауарға «27 пайыз» тариф енгізген. Екі есе жеңілдік дегені осы. Алайда бұл жерде сұрақ туындайды. 54 пайыз дегенді қайдан алды? Көптеген экономист сарапшылар Трамптың сандарды қайдан алғанын түсінбей дал болуда. Менің ойымша Дәкең «Украина бізден 350 млрд доллар қаржы алды» деп, 120 млрдты үш еселегендей ұра салған сияқты», — деп пікір білдірді Асхат Қасенғали.
Жаңа тариф біз АҚШ-қа сататын тауардың 4,8%-ына ғана жүреді дейді ақпарат көздері. АҚШ-тың жаңа тарифтері Қазақстан экспортына қатты әсер етпейді. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, АҚШ енгізген жаңа кедендік баждар Қазақстан экспортының 92%-ына әсер етпейді. Себебі бұл тауарлар АҚШ-тағы ерекше тізімге енген.
Үкімет АҚШ-пен қосымша баждарды қолданбау мүмкіндігін талқылау үшін келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.
Бірақ бұл «әлемдік тариф тартысы» сөзсіз әлемдік саудаға әсер етеді. Себебі қазір Қытай, Үндістан, ЕО және басқа елдер АҚШ-қа қарсы тарифтерін жариялайды. Жалпы сауда соғысы деген әлемдік экономикаға жағымсыз әсер етеді. АҚШ нарығына тауарын көп сататын Қытай мен ЕО, енді бір-біріне көбірек сатуы мүмкін, Үндістан басқа нарықтарды іздей бастайды дегендей. Әлемдік экономикада біршама өзгеріске куә болатын сияқтымыз.
Айтпақшы Мадагаскарға 47 пайыз баж салығын салған. Ал бұл тізімде Ресей мен Беларусь жоқ. Оның себебін АҚШ былай деп түсіндірді.
«Өйткені бұл елдерден АҚШ-қа өнім жеткізілмейді», — деп мәлімдеді АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент.
Сондай-ақ Бессент елдерге жауап ретінде қандай да бір шара қабылдамауды, соның ішінде баж салығын енгізбеу керек екенін ескертті.
«Қазір барлық елге айтар кеңесім — кек алмау. Сабыр сақтап, осыны ескеріңіз, не болатынын көре жатармыз. Өйткені кек алсаң, жағдай шиеленіседі», — деді Бессент.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру