Қазақстанда азаматтар енді өз ақшасының бір бөлігін қайтара алады. Ол үшін тек дүкенде немесе қызмет көрсеткен жерде чек сұрап, оны арнайы қосымша арқылы сканерлесе жеткілікті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Жүйе қарапайым: дүкенде, дәріханада немесе дәмханада төлем жасадыңыз ба – фискалды чек алыңыз, одан кейін оның QR-кодын «Amian» қосымшасы арқылы сканерлеңіз. Бірнеше секунд ішінде 2% кэшбэк сіздің шотыңызға түседі. Ақшаны банктік картаға аударуға немесе мобильді балансты толтыруға болады. Кэшбэк тек бір реттік ынталандыру емес. Бұл жүйелі түрде жұмыс істейтін, табысты есептеп беретін нақты құрал. Осылайша мемлекет азаматтарды өз құқықтарын қорғауға және әділетті экономикалық қатынасқа тартуда.
15 маусымнан бастап «Salyq кешбэк» жобасына тағы бірнеше өңір қосылды. Енді Жамбыл облысының Жамбыл және Мойынқұм аудандары, Түркістан облысының Төлеби ауданы, Қарағанды облысының Балқаш қаласы, сондай-ақ Маңғыстау облысының Мұнайлы және Қарақия аудандарының тұрғындары әр сатып алудан кейін 2% кэшбэк алып отыра алады. Бұрын қосылған аймақтар: Қарағанды, ШҚО, Түркістан, Ақмола, Қостанай, СҚО, БҚО және басқа аудандар.
Бұл – елдегі көлеңкелі экономиканы азайту, азаматтардың чек талап ету әдетін қалыптастыру және шағын бизнестің ашықтығын арттыруға бағытталған пилоттық жоба.
«Amian» қосымшасын App Store немесе Google Play-ден тегін жүктеуге болады. Ең бастысы – чек талап етіңіз, оны сканерлеңіз, ақшаңызды қайтарып алыңыз.