Ақмола облысындағы Далабай ауылы тұрғындары арақ сатуды тоқтатуға бірауыздан шешім қабылдады. Бұл бастама ауылда өткен «Заң және Тәртіп» атты кездесу барысында көтеріліп, ақсақалдар мен тұрғындардың қолдауына ие болды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ауыл үлкендері жастардың болашағын, қоғамдық тәртіп пен ауыл тыныштығын ойлап, дүкендерде алкоголь өнімдерін сатуды доғаруды ұсынған. Олардың сөзін ел қолдап, ақыры ауыл халқы алкогольден түбегейлі бас тартуға келісті. Осы шешім арнайы хаттамаға түсіп, ресми бекітілді.
Облыстық прокуратура бұл қадамды – ауылдың ауызбіршілігі мен саналы қоғамға ұмтылуының айғағы деп бағалап отыр. Ведомствоның мәліметінше, мұндай бастамалар еліміздің басқа да өңірлерінде жемісін беріп келеді. Мысалы, арақтан бас тартқанына 5 жылдан асқан Алматы облысындағы Бояулы ауылында құқық бұзушылықтар сап тыйылған.
«Жергілікті тұрғындар мен билік өкілдерінің, прокуратура органдарының бірлескен әрекеті ғана қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады. Далабайдағы бұл шешім – соның жарқын үлгісі», делінген ресми хабарламада.