Астана халықаралық форумына орай Al Jazeera телеарнасына сұхбат берген Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа Қазақстан” идеясын жүзеге асырудағы жетістіктер мен сыртқы саясаттағы жаңғыру туралы айтты, деп хабарлайды ozgeris.info.
Президенттің айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстан сыртқы күйзелістерге қарамастан нақты прогреске қол жеткізген.
«Біз алға сенімді қадам басып келеміз. Иә, бұл оңай емес. Реформаларға елден тыс жерлерде болған оқиғалар да әсер етті. Бірақ біз шынайы әрі прагматик болуымыз керек. Сонымен қатар батыл әрекет етіп, қойылған мақсаттардан таймауымыз қажет. Реформалар жалғасуда және олар оң нәтиже беріп жатыр», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясаты да қайта қаралып жатқанын мәлімдеді.
«Сыртқы саясат – өте консервативті сала. Бірақ әлемдегі өзгерістерді ескеруіміз қажет. Қазақстан – Еуразиядағы, әсіресе Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің тірегі. Біз бастан-ақ ірі державалармен, көршілерімізбен теңгерімді саясат жүргізіп келеміз және ұлттық мүдделерімізді жүзеге асырып жатырмыз. Сондықтан сыртқы саясат бағыты өзгерді деп айта алмаймын», – деді ол.
Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан көлік-логистика бағыттарын әртараптандыруға ерекше назар аударады. Бұл ретте Транскаспий бағыты – Орта дәліз – маңызды рөл атқарады.
«Сіз дұрыс атап өттіңіз – біз Орта дәлізге басымдық беріп отырмыз. Қазақстан “Бір белдеу, бір жол” бастамасының белсенді жақтаушысы болып қала береді. Бұл бастама алғаш рет 2013 жылы Қазақстан астанасында Қытай төрағасы Си Цзиньпин тарапынан жарияланған болатын», – деді президент.