Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Аналар күніне орай анасы Тұрар Шабарбаева туралы толғанысты жазба жариялап, оның өмірлік ұстанымдары мен тәрбиесінің өзіне терең әсер еткенін айтты. Бұл туралы Мемлекет басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды ozgeris.info.
«Бүгін – Аналар күні. Осыған орай анам Тұрар Шабарбаева туралы естелігіммен бөліскім келеді. Біздің отбасы қарапайым өмір сүрді. Анам көп жыл үй шаруасымен айналысты, ал әкем – жалғыз асыраушымыз болды. Айлықтан тыс кейде қаламақы алғанда үйде нағыз мейрам болатын», – деп жазды Президент.
Ол анасының қарапайымдылығын, сән мен әшекейге қызықпауын ерекше атап өтті.
«Бар ғұмырын бізге арнады. Кейде жағдайы бола тұрса да, өзіне емес, немерелеріне сыйлық алып беретін. Өмірімдегі қиын сәттерде, әсіресе Мәскеуде қалу не елге оралу шешімін қабылдау керек болғанда, анамның сөзі маған бағыт берді. “Әкең тірі болса, Қазақстанға қайт дер еді” дегені мен үшін бұйрықпен тең болды», – дейді Президент.
Тоқаев анасының адалдығы мен өмірлік кеңестерін әрдайым есінде сақтап жүретінін айтты.
«Анам байлыққа қызықпады. Ел алдында ұятқа қалмау, таза жүру, сабырлы болу – үнемі айтып отыратын қағидалары. Бала күнімнен оның мағыналы әңгімелерін тыңдап өстім. Маған жинақылықты, терең ойлап әрекет етуді үйретті. “Күніңді қалай өткізетініңді таңертеңнен жоспарла. Асығыс адам жолдан жаңылады” деп жиі айтатын», – деп түйіндеді ол.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру