Тіл – халықтың қазынасы

Еліміздің білім ордаларында жүзеге асырылып жатқан жобалардың барлығы ұрпағымыздың жарқын болашағы үшін өте маңызды. Ел ертеңі жастардың қолында десек, сол жастарымыздың рухы биік, саналы, парасатты, ұлтжанды, білімді, жан-жақты тұлға болып өсуі мектеп қабырғасынан бастау алатыны сөзсіз. Елдігіміздің түп қазығына айналған ана тіліміздің құдіретін бүгінгі жас ұрпақтың бойына сіңіру қай кезде де өзекті. Себебі, ұлттың болашағы ана тілінде. Тілсіз қандай да болмасын ұлтты елестету мүмкін емес. Тілдің әр ұлттың байлығы, баға жетпес құндылығы екендігін өскелең ұрпақ білуі тиіс.

Осы бағытта Талдықорған қаласы, Дәнеш Рақышев атындағы қазақ мектеп-интернатында 5-қыркүйек Қазақстан халқы тілдер мерекесі аталып өтті.  Өткізілген шараның мақсаты еліміздің бір шаңырақ астында барлық ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекет екендігін,  тілдер мерекесінің барша халық үшін маңызын түсіндіру. Оқушылардың өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін арттырып, өзге ұлттың тілін құрметтеп, өз ана тілін қастерлейтін саналы да парасатты тұлға тәрбиелеу. Сондай-ақ, 5-қыркүйек дүние есігін ашқан ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының қазақ тіл білімінің негізін салушы, тіл жанашыры ғана емес, қазақ тарихындағы қайталанбас тарихи тұлға екендігін таныту. Іс-шараны өткізу директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ешпаев Қуат Нұрғалиұлы мен педагог-ұйымдастырушы Метербаева Мөлдір Қайратқызы, сондай-ақ қоғамдық-гуманитарлық пәндер бірлестігіне жүктелді.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдері пәндерінің мұғалімдері таңертең мектепке келген барлық ұстаздар мен оқушыларды мерекемен құттықтап, жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысты. Қазақ, орыс және ағылшын халқының ұлттық тағамдарынан дәм ұсынылып, жасырылған суреттегі сөзді үш тілде айтқан ұстаздар мен оқушыларға сыйлық берілді. Осылайша таңертеңнен мерекелік көңіл-күймен басталған бағдарлама «Тіл – халықтың қазынасы» атты салтанатты жиынмен жалғасты. 11-сынып оқушысы Сәрсеннұр Ерзаттың орындауындағы «Қазақ тілі» әні көрерменге ерекше шабыт сыйлады. Сондай-ақ, мектебіміздің бастауыш сынып оқушыларыныңқазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқыған өлеңдері де көпшіліктің көңілінен шықты. Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған ақпараттық алаң оқушылардың қызығушылығын оятты.

Тілдер мерекесінің дәл осы күнге ауыстырылуына басты себеп болған қазақ тіл білімінің негізін салушы, ғалым, публицист, педаогог, аудармашы, түркітанушы, ағартушы, «Алаш» қозғалысының қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының ұлтымыз үшін өнегелі із қалдырған кемеңгер ұлт ұстазы екендігін таныту мақсатында 8-9-10-сынып оқушыларының арасында «Тұлғаны таны» атты интеллектуалды сайыс ұйымдастырылды. Сайыс басталмас бұрын  Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты бейнеролик  көрсетілді. Оқушыларға «wordwall» платформасы арқылы Ахмет атамыздың  өмір белестері, қоғамдық-саяси қызметі, мектеп бағдарламасындағы шығармалары мен ғылыми еңбектеріне қатысты сұрақтар қойылды. Нәтижесінде 9-сынып оқушылары жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып жеңімпаз атанды. Оқушылар мақтау қағазымен марапатталып, сыйлықтарға ие болды. Жеңімпаз атанған топ мүшелеріне  мектеп директоры Солтанбеков Әли Солтанбекұлы  өз атынан кітап табыс етті. Ахмет атамыздың өмірін біліп, шығармашылығынан нәр алып өскен ұрпақтың болашағы жарқын болары сөзсіз деген ойдамын.

Мектеп оқушылары мен ұстаздары интеллектуалды сайыстан соң «Ұлт тілін ұлықтайық!» атты концерттік бағдарламаны тамашалады. Қоғамда өзекті мәселеге айналған тіліміздің шұбарлануы тақырыбын көтерген өнерлі оқушыларымыздың  көрінісі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Мектебіміздің оқу озаты, облыстық Мағжан, Мәшһүр Жүсіп, Жамбыл оқуларының жеңімпазы Нұрланханқызы Динараның «Тіл – халықтың тынысы» атты өлеңі барлық ұстаздар мен оқушыларға ерекше әсер етті. Жоғары сынып ұлдарының орындауында М.Шахановтың «Рух пен тіл» әні шырқалды. Кеш соңында мектебіміздің басшысы Әли Солтанбекұлы Ахметтей ұлт ұстазының біртуар тұлға екендігін, ұрпағына қалдырған мұрасын насихаттау бүгінгі ұрпақтың парызына айналуы тиіс деді. Оқушыларға  білімді болу үшін талмай ізденіп, еңбектену қажеттілігін де атап өтті. Мектеп оқушыларының ұлттық дүниетанымы мен көзқарасын, санасы, пайым-парасатын, ақыл-білімі мен шығармашылығын дамытатын, шабыт сыйлап, рухын оятатын игі шаралардың көп болуына тілектестігін білдірді.

Қорыта айтқанда, барлық өткізілген іс-шара мақсатына жетіп, лайықты деңгейде өтті. Осындай рухани тәрбие мен білім беретін игі шаралар өз жалғасын табады деген ойдамыз. Ұлттық тәрбие мен ұлт руханиятының алтын қазығына айналған тіліміз мәңгі жасай берсін! Ұлт дәстүрін, тілін де ұлықтайтын, Ахметтей ұлт ұстазын ұмытпайтын ұрпағымыз көп болсын!

 

 

Д.Рақышев атындағы қазақ мектеп-интернатының

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Рахманбекова Мәдина Бақытбекқызы