Мұнайдың баррелі 60 долларға түсті. Мұнайдың әрбір долларға арзандауы Қазақстан үшін 1 миллиард доллар шығын. Қаржы сарапшылары бұл өзгерістер елімізге қалай әсер ететінін және өз болжамдарымен бөлісті. Біздің теңге неге үп еткен желге шайқала береді? Ozgeris.info тілшісі сарапшылардың пікірін саралап, осы сұраққа жауап іздеп көрді.
Экономист Алмас Чукин Digital Business басылымына эксклюзивті сұхбат беріп, мұнай бағасының бір доллар арзандауы Қазақстан үшін қаншалықты үлкен шығын екенін және оның ұзақ мерзімді салдары қандай болатынын түсіндірді. Сарапшының айтуынша, мұнай бағасының төмендеуі елдің қаржылық жағдайына айтарлықтай әсер етеді, ал оның салдары бүгінде көрінгеннен әлдеқайда күрделі болуы мүмкін.
Әрбір доллар — еліміз үшін бір миллиард доллар
Сарапшының пікірінше, мұнайдың әрбір бір долларға арзандауы Қазақстан экономикасы үшін шамамен бір миллиард доллар жоғалтумен тең.
«Әрбір доллар — бұл мемлекет үшін миллиард доллар шығын. Бұл бюджетке ғана емес, бүкіл елдің кірісіне әсер етеді. Бюджет — кіріс көздерінің бірі ғана. Бұдан бөлек Ұлттық қор мен басқа да қаржы көздері бар, — деді экономист.
2025 жылдың 9 сәуірінде Brent маркалы мұнай бағасы 60 долларға төмен түсіп кетті. Бұл 2021 жылдың наурызынан бергі ең төменгі көрсеткіш. Сарапшылар бұл жағдайды АҚШ-тың импортқа баж салығын енгізуі мен ОПЕК+ ұйымының кенет мұнай өндіруді арттыру туралы мәлімдемесімен байланыстырып отыр.
Алмас Чукиннің айтуынша, мұнай бағасындағы аз ғана ауытқулардың өзі ел экономикасы үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
«Мысалы, мұнай бағасы 70 доллардан 64 долларға дейін төмендесе, бұл тек 6 доллар ғана сияқты. Бірақ бұл Қазақстан үшін өте ауыр соққы. Бұл жай ғана 10 пайыз төмендеу емес. Бұл әрбір доллардың артына үлкен қаржылық шығын жасырынған процесс. Бір жерден алды, бір жерде азайды, нәтижесінде әсері өте қауіпті болуы мүмкін, — деді ол.
Сондай-ақ экономист мұнай бағасы ұзақ уақыт бойы төмен деңгейде қалса, Қазақстан үлкен қаржылық қиындықтарға тап болуы мүмкін екенін ескертеді.
«Бір түнде 5 миллиард, тіпті 10 миллиард доллар жоғалтуымыз мүмкін. Егер бұл бір жылға созылса ше? Ал егер 2-3 жылға жалғасса, онда біз бюджетімізді «жеп» қоюға мәжбүр боламыз, — дейді Чукин.
Оның сөзінше, Ұлттық қор мұндай шығындарды 2-3 жыл бойы көтере алмайды.
«Ұлттық қор мұндай ауыртпалыққа төтеп бере алмайды. Онда бюджетке секвестр (қысқарту) жасалады, көптеген бағдарламалар қайта қаралады. Бұл — экономикалық модельдің өзгеруі деген сөз. Бір жылдың ішінде 20-30 миллиард доллар жоғалтуымыз мүмкін, бірақ оны әлі көтере аламыз. Бірақ мұндай жағдай бірнеше жыл қатарынан қайталанса, жалпы шығын 60-190 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. Бұл өте ауыр салмақ», — деді экономист.
АҚШ ойынды қалай өзгертуде
Чукиннің айтуынша, Қазақстан экономикасына әсер етіп отырған тағы бір маңызды фактор — АҚШ-тың сыртқы экономикалық саясатының өзгеруі. Экономист бұл жағдайды футбол ойынымен салыстыра отырып түсіндірді.
«Мысалы, футбол чемпионаты өтіп жатыр, барлығы бір ереже бойынша ойнайды. Кенеттен басты ойыншылардың бірі — АҚШ — «маған бұл ережелер ұнамайды, мен енді қолмен ойнаймын» дейді. Қазір әлемдік экономикада да дәл осындай жағдай болып жатыр», — дейді ол.
Чукин АҚШ-тың бұрынғы халықаралық сауда ережелерінен бас тартып, жаңа ережелер бойынша әрекет ететінін айтып, бұл өзге елдерді шатастырып отырғанын атап өтті.
«Қалған елдердің екі ғана таңдауы бар. Не АҚШ-тың жаңа ережелерін қабылдайды, немесе оны бұрынғы ережелер бойынша ойнауға мәжбүрлейді. Бірақ АҚШ-қа қарсы тұра алатын жалғыз күш — Еуропа Одағы. Алайда, бұл да қиын. Себебі ЕО — 27 мемлекеттің одағы, олар өзара келісімге келе алмайды. Сондықтан ол шын мәнінде онша қуатты күш емес», — деді сарапшы.
Маманның пікірінше, Трамп не істеп жатқанын біледі.
«Көп адамдар доллардың құнсызданатынын айтып жүр. Бірақ неге құнсыздануы керек? АҚШ экономикасы әлсіреуі мүмкін, бірақ бұл әлемде доллар көбейеді деген сөз емес. Керісінше, АҚШ сауда балансын теңестірмек. Мысалы, жапондық Sony компаниясы АҚШ-қа теледидар сатады, бірақ оған иен керек. Сондықтан ол алған долларын иенге айырбастайды. Яғни доллар әлемдік айналымнан «жоғалады» деген сөз. Демек, доллардың бағасы өседі», — деп түйіндеді Алмас Чукин.
АҚШ бастаған сауда соғысы Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып қойғаны анық. Бұл ретте қаржы маманы Айбар Олжаев қоғамды экономикалық реалийді дұрыс қабылдауға шақырды. Оның айтуынша, мұнай түссе, теңге де арзандай береді.
Дәл қазір теңге үшін доллардың қуаты мүлде маңызды емес. Теңге тікелей мұнай бағасына байланып тұр дейді маман.
«Бүгін валюта айырбастау бекеттерінде долларды 520 теңгеге сатып алуға болады. Қазақстан Қор биржасында кешегі кешкі сессияда курс 519,12 деңгейінде жабылған болатын. Негізі бұл біз ах ұрып таңырқайтындай бағам емес, биыл жылдың басында 2-3 күн бойы 530 бағамына да көз үйренгені бар. Бірақ ол кезде мұнай барреліне 70 доллар деңгейінен емін-еркін асып тұрған еді. Ал проблема рубльден келген», — дейді сарапшы.
Мұнай бағасы құлауының басты факторы – Дональд Трамп. Дәлірек, оның баж салығы бойынша бүкіл әлеммен соғысы. Ертең не болып кететіні мүлде түсініксіз уақытта трейдерлердің «әлем экономикасы тұралап қала ма» деген үреймен мұнай фьючерстерін сата бастауы заңды. Мұндай кезде инвесторлар дамушы елдердің активтері мен валюталарынан қаша бастайды. Барлығы алтын мен астыққа иек артып, нақты тауарлы биржалар ғана плюсте болмақ.
Теңге үшін бұл жағдайдың қаншаға дейін созылатыны маңызды болып отыр. Трамп белгілі бір позициясын айқындап, нарық сабасына түсіп, біз жаңа картинаны неғұрлым тез қабылдап алсақ, валюта нарығындағы стратегиямызды білер едік.
Сарапшының пікірінше, қазір асығып резервтерді тез жағып жіберу қауіпті. Және сигналдарды байқамай қалып, дер кезінде қимылдамай теңге бағамын бақылау тетігінен айрылып қалу да қауіпті. Екеуінің арасында баланс керек.
«Дәл қазір АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери әрекет бастаса ғана мұнай бағасы 80 доллар шамасына жететін сияқты. Басқа ешқандай өсу факторын көріп отырған жоқпын. Егер біз пессимисті сценарий ретінде 60 доллар деңгейін қабылдасақ, онда биыл шамамен мультипликативті түрде 3-4 миллиард доллар жоғалтамыз дегенге дайын болуымыз керек. Салық реформасының тек келесі жылы ғана жұмыс істейтінін ескере отырып, бюджет жыртықтарын жабу үшін күзге таман Үкіметке теңгенің 550-560 коридорына дейін құнсызданғаны аса қажет болады. Бұл мұнайдың барреліне 60 долларынан өспей қойғандағы сценарийі». – дейді маман.
Осы сценарий шындыққа жанаса ма?
Мұнай бағасы Қазақстанның қолындағы дүние емес. ОПЕК елдері сәуірден бастап квоталарын ұлғайтып, өндірісті көбейте бастайды. Мұнай бойынша ұсыныстар артады. Қытайдағы экономикалық белсенділік тұралай ма, әлде АҚШ кедергілеріне қарамай өсе ме, ол да белгісіз. Ресей де көлеңкелі мұнайын Азияға арзанға тықпалап, нарықтағы бағаны «сындырып» жүр. Дәл мынадай жағдайда мұнай 60 доллардан да оңай құлап кете алады.
Бізде 25 миллиард доллардың алтыны бар. Мұнай түссе, керісінше алтын бағасы өсуде. Алтын Қазақстан үшін компенсациялық демпфер рөлін ойнап отырғанын байқаймыз. Қазір Ұлттық Банк алтын сатуын «айналау», Ұлттық Қордан жоспарлы трансфертті конвертациялау, зейнетақы қоры үшін долларды сатып алуды уақытша тоқтата тұру арқылы теңгеге дем бере алады және солай істеуде.
Онымен бірге, жоғары базалық ставка режимінде теңгелік депозиттердің ставкасы 17-18% деңгейіне көтерілді. Мұндай жоғары кірістілік жұрттың жаппай долларға ауысып кетуінен сақтандыра алады.
«Бірақ егер мұнай құлдырай беретін болса, теңгені бір бағамда ұстап қалу жолында барлық ақшамыз бен резервтерімізді жағудың еш қисыны жоқ. Резерв біткен күні-ақ доллар бәрібір нарықтық бағамына секіріп келіп алады. Ал ол шок девальвациясы. Сондықтан экономикалық реалийді дұрыс қабылдай білейік. Мұнай бағасы түсе ме? Ренжімеңіздер, онда теңге де арзандай бастамақ», — деді ол.
Блогер Оңғар Қабден онсыз да бойын үрей билеген қоғамды қорқытты. Айтуынша, осылай мұнай бағасы түсе берсе, тамақты талонмен алатын күн алыс емес.
«Кафе, кино, донер, пицца дегендерді доғаратын уақыт келді. Мұнайдың баррелі 60 долларға түсті. Осы беті түсе берсе тамақты талонмен аласыңдар әлі», — деп жазды ол өзінің парақшасында.
Қорытындылай келе, сарапшылар бірауыздан Үкімет мұнай нарығындағы әлемдік конъюнктураның тұрақсыздығына байланысты теріс салдарларды минимизациялау және тұрақты экономикалық дамуды қолдау үшін шұғыл әрі тиімді шараларды қабылдауы қажет деп есептейді. Жоғарыдағы болжамдар мен қауіптерді ескерсек, сарапшылар мұнай бағасының төмендеуі ұлттық қордың таусылуына әкелуі мүмкін екенін ескертті.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру