Атсүйер қалың қауым дүрбілерін қолдарына алды, бапкерлер де толқу үстінде. Әуелі 2 айналымдық “тай жарысы” басталып, соңы 6 айналымдық “топ бәйге” және 8 айналымдық “аламан бәйгеге” ұласты. Дала ат тұяғының дүбіріне толды. Халықтың қиқулаған үні бойды шымырлатады. Бәрінің назары, көкейдегі ойы мәре сызығын алғаш болып қай аттың кесіп өтеріне ауған. Сонымен үш түрлі бәйгенің толық нәтижесі төмендегідей:“Тай жарысы” 13 тай 1 орын - Асылбек Жаңабаев, “Қараторғай” (Ақжайық ауданы), 250 000 теңге; 2 орын-Қалдыбек Нұрпейісов, “Тұмар” (Ақтөбе облысы, Қобда ауданы), 150 000 теңге; 3 орын-Мейрамбек Умиров “Самал” (Қобда ауданы) 100 000 теңге; “Топ бәйге” 13 ат 1 орын-Темір Кәкім, “Тасқын “ (Теректі ауданы), 800 000 теңге 2 орын-Бекбол Байжарқынов, “Ақмоншақ”, (Ақтөбе облысы), 500 000 теңге; 3 орын - Мақсат Сейталиев, “Айтөбел” (Жаңақала ауданы), 300 000 теңге; “Аламан бәйге” 12 ат 1 орын - Бекбол Байжарқынов “Месис” (Ақтөбе облысы), 1 000 000 теңге; 2 орын - Мақсат Сейталиев “Бақторы”, (Жаңақала ауданы), 700 000 теңге; 3 орын - Ермек Ибашев “Ақжауын” (Ақтөбе облысы), 500 000 теңге; Аударыспақ 1 орын - Төлеби Қайыржанов, 50 000 теңге 2 орын - Абай Кенжебаев, 30 000 теңге 3 орын - Жәнібек Жамалов, 20 000 теңге Арқан тартыс 1 орын - 1987 жылғылар, 50 000 теңге 2 орын - Сарой ауылдық округі, Көздіғара ауылы, 30 000 теңге 3 орын - Өлеңті ауылы, 20 000 теңге Қой көтеруден Сайын Алдияр жеңімпаз жеңімпаз атанды.

Айтыстың мейманы ретінде келген Жәкен Омаров, Берік Жүсіповтер термелерімен жүректегі шерді қозғап, көрермен көзіне жас үйірді. Әсіресе, Ж. Омаров орындаған Майлықожаның әке мен ана туралы термесі халықты ерекше әсерлендіріп, ой салды.Халықты қиқулатып, делебесін қоздырған айтыс үш сағатқа жуық уақытқа созылды. Домбыра асынған ақындар додасы соңында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев пен облыстық мәслихат депутаты, «Жібек жолы» шаруа қожалығының жетекшісі Ғанимат Нұрмұханов сахнаға көтерілді. Аудан әкімі сегіз ақынның әрқайсысына елдің атынан ат мінгізілетінін айтты. Ұлттық өнермен халықты сусындату үшін, айтысты ұйымдастыру үшін еңбек сіңірген қос Бауыржанға (Б.Халиолла, Б.Ширмединұлы) алғысын білдірді. Жымпитыға жүйріктерімен келген Жүрсін Ерманға шапан жауып, құрмет көрсетті. Барлық қонақтарға естелік сыйлық пен аудан әкімінің алғыс хаты табыс етілді.

Қорытынды кешке Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, әнші-сазгер Жаскелең Ғайсағалиев бастаған, Тарас Жауынбаев, Камила Шайхиева, Қанат Төлепқали, Данабек Үмбетәлі және жерлесіміз Бекей Қанатов сынды өңірімізге танымал өнер иелері ән шырқады.Одан бөлек, жас та болса тыңдарманның жүрегінен орын ала білген, көпке танымал, жастардың сүйікті әншісі Садраддин Болат та кештің басты қонағының бірі болды. Кеш жастардың көңілінен шықса керек, Сырым ауданының орталық алаңында әнсүйер ағайынның қатары қалың болды. Бір аптаға созылған аудандағы тойдың әдемі нүстесі қойылды.
МҮСІРБЕК АЙТАШЕВ АЙЖАН БАУЫРЖАНҚЫЗЫ ШЫНАР МОЛДАНИЯЗОВА