Шетелден көлік әкелгіңіз келсе, оның бағасынан бөлек, Қазақстанда төлеуге тиіс бірқатар салықтар мен алымдар бар. Көлікті кедендік рәсімдеу кезінде міндетті түрде төленетін нақты сомасны Uchet.kz мамандары есептеді, деп хабарлайды Osgeris. Info.
Олардың мәліметінше, ең алдымен кедендік декларациялау үшін бір реттік алым төленеді – бұл 6 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде есептеледі, яғни, шамамен 23 592 теңге болады. Бұдан кейін ең маңызды төлемдердің бірі – импорттық кедендік баж салығы. Оның мөлшері Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кеден тарифіне сай белгіленеді және 0%-дан 18%-ға дейін ауытқуы мүмкін. Кей жағдайда нақты бір сомамен белгіленеді. Баж салығы көліктің техникалық сипаттамасына қарай есептеледі.
Сонымен қатар қозғалтқыш көлемі 3000 см³-тан асатын көліктерге акциз салығы қосылады – әрбір артық куб сантиметр үшін 100 теңгеден. Мәселен, 3500 см³ қозғалтқышы бар көлік үшін бұл салық 350 000 теңге болуы мүмкін. Тағы бір міндетті төлем қосылған құн салығы (ҚҚС). Оның мөлшері 12% және ол тек көлік құнына ғана емес, кедендік баж бен акцизді қоса есептеліп төленеді. Яғни, ҚҚС сомасы көбейіп кетуі ықтимал.
Бұған қоса, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуына байланысты кейбір жағдайларда төмендетілген баж ставкалары қолданылады. Алайда мұндай жағдайда көлік Қазақстан аумағынан шығарылмауы тиіс. Егер көлікті тіркегеннен кейін басқа елге сатқыңыз келсе немесе алып кеткіңіз келсе, ДСҰ жеңілдіктерін пайдалануға болмайды. Сондықтан шетелден көлік әкелмес бұрын, барлық төлемдерді алдын ала есептеп, қандай көлікті рәсімдеу тиімді екенін нақтылап алған жөн.